Сәтбаев Университеті жер сілкінісі кезінде жасалатын іс-әрекеттерге дайындалуда
20 сәуір күні әйгілі Политехта қала тұрғындарының төтенше жағдайлардағы іс-қимылдарына дайындық деңгейін арттыру мақсатында жалпықалалық іс-шаралардың бір бөлігі саналатын сейсмикалық оқу-жаттығулар өтті.
Университет студенттері мен оқытушылары іс жүзінде эвакуациялау жолдарын, қауіпсіз жерлерді аралап, жер сілкінісі кезіндегі әрекеттерді пысықтады. Сәтбаев Университетінің Азаматтық қорғаныс, өрт қауіпсіздігі және еңбекті қорғау штабы жеке қауіпсіздік туралы брошюралар дайындап, оларды студенттерге қолжетімді етті.
Жоспарлы сейсмикалық жаттығулар өткізу – Алматы қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады. Қала 9-10 баллдық сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Жыл сайын қалада 200-ге жуық шағын жер сілкінісі болып тұрады, оны тұрғындар сезбейді. Сондықтан 2023 жылдың соңына дейін қалада күшті жер сілкінісі күтілмейтініне қарамастан, барлық алматылықтардың қырағы болып, кез келген жағдайға дайындығы аса қажет.