Сәтбаев Университеті ЖОО әлемдік QS WUR рейтингінде 100 сатыға жоғары көтерілді
Бүгін, яғни 2022 жылғы 9 маусым күні жыл сайынғы QS World University Rankings рейтингінің нәтижесі жарияланып, Сәтбаев Университеті бір жыл ішінде ол тізімдегі орнын 100 сатыға көтеріп, 405-орынға ие болып отыр.
Сәтбаев Университеті – еліміздің жетекші техникалық университеті мәртебесін тағы да дәлелдеп, әлемдегі ең үздік университеттердің 29%-ның қатарына қосылды.
Енді Сәтбаев Университеті әлемдік тізімде Еуропадағы ең көне жоғары оқу орны, тарихы сонау ХІ ғасырдан бері әлемдік қауымның назарында болып келе жатқан – University of Pisa университетімен, американдық Colorado State University зерттеу университетімен, Қытайдың ғылыми-инновациялық орталығы – South China University of Technology университетімен, қытайлық ең беделді университеттердің бірі – Sichuan University ұлттық мемлекеттік зерттеу университетімен және британдық Royal Holloway University of London мемлекеттік зерттеу университетімен көршілес тұр. Бұл әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның алғашқы техникалық университетінің беделін одан сайын арттыруда.
Сәтбаев Университеті сондай-ақ екінші жыл қатарынан QS World University Rankings By Subject 2022 рейтингінде Petroleum Engineering пәні бойынша Инженерия және технологиялар санатындағы позициясын сақтап, әлемдік рейтингте 101-–150-орындарды иеленіп келеді.
QS World University Rankings рейтингі академиялық беделдік (40%), жұмыс берушілер арасындағы беделдік (10%), шетелдік оқытушылар мен студенттердің үлесі (әрқайсысы 5%-дан), студенттер мен оқытушылардың арақатынасы (20%) және бір ғылыми-педагогикалық қызметкерге шаққандағы дәйексөздер саны (20%) сияқты көрсеткіштерге негізделген. Ал беделдік көрсеткіштері академиялық сарапшылар мен жұмыс берушілердің сауалнамалық анкеталарының нәтижелеріне негізделеді.
Сәтбаев Университеті позициясының көтерілуіне академиялық беделдік көрсеткіштері мен жұмыс берушілер арасындағы беделдік көрсеткіштері сияқты факторлар, сонымен қатар студенттер мен оқытушылар санының арақатынасындағы өзгерістер үлкен ықпал етті, бұл позициялар тиісінше 83 және 96 пункттерге көтерілді.
«Біз республика көлемінде де, әлемдік аренада да жұмыс берушілермен және ғылыми қауымдастықпен тиімді ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып, оны нығайтып келеміз, академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын сақтай отырып, аса қажет емес әкімшілік шығындарды азайттық. Нәтиже біздің дұрыс жолды таңдағанымызды дәлелдейді. Ендігі біздің стратегиялық мақсатымыз – QS WUR рейтингінің ТОП-200 қатарына ену. Біздің ұжым үшін бұл оп-оңай қол жеткізуге болатын мақсат», – деп атап өтті Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Университеттің ғылыми және әкімшілік ұжымының үздіксіз жұмысы өсу тенденциясын сақтауға және бәсекелестіктің өсуіне қарамай, алдағы үш жылда тағы 200 сатыға көтерілу мақсатына бағытталған. Жыл сайын рейтингке қатысушылардың саны артып, олардың деңгейі мен рейтингтегі орташа ұпай саны өсіп келеді, әрі жоғары оқу орындарына қойылатын талаптар да өсуде.
Мысалы, QS-2016 рейтингіне 900 үміткер университет қатысса, QS-2023-те олардың саны 2500-ге жуық болды, нәтижесінде рейтингке әлемнің 100 елінен 1422 университет енді. QS WUR 2023 университеттерінің халықаралық рейтингіне Қазақстаннан 16 университет қатысты.
QS World University Rankings – әлемдік университеттер арасында өтетін ең объективті және ықпалды үш рейтингтің бірі болып табылады. Ол Times Higher Education World University Rankings және Academic Ranking of World Universities рейтингтерінің қатарында. Оның авторы – британдық Quacquarelli Symonds (QS) компаниясы. QS WUR 2023 рейтингі бойынша бірінші орынды дәстүрлі түрде MIT (Массачусетс технологиялық институты, АҚШ) алып отыр.