Ақпарат:

25 тамыз 2025 489

Сәтбаев университетінде академик Шахмардан Есенов атындағы аудитория ашылды

Сәтбаев университетінде академик Шахмардан Есенов атындағы аудитория ашылды

Сәтбаев университетінде көрнекті ғалым, академик, ғылым ұйымдастырушы, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновке арналған атаулы аудитория ашылды. Аудиторияның салтанатты ашылуы академиктің туғанына 98 жыл толуына орай ұйымдастырылып, университет пен студенттер үшін айтулы оқиға болды.

Аудитория студенттердің жайлы жағдайда білім алуына, дәрістер, презентациялар мен бірлескен жобалар үшін заманауи мультимедиялық технологияларды қолдануына мүмкіндік беретін алаң ретінде жасалды. Аудитория эргономикалық жиһазбен жабдықталған, ал оның безендірілу үлгісінде Шахмардан Есеновтің өмір жолы мен ғылыми жетістіктерінің хронологиясы көрсетілген. Бұл оқу процесі барысында Қазақстан ғылымының тарихымен тірі жағдайда тілдесуге мүмкіндік беретін іспетті.

Аудитория Shakhmardan Yessenov Foundation мен оның құрылтайшысы, ғалымның немересі Ғалымжан Есеновтің қолдауымен ашылды. Ал бұл заманауи кеңістікке жан бітіріп, оған шабыт сыйлаған автор — танымал қазақстандық сәулетші және урбанист Шыңғыс Батырбеков.

Аудиторияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Ғалымжан Есенов өз командасы бұл кабинетті студенттер үшін барынша ыңғайлы етуге тырысқанын атап өтті және Қазақстандағы алғашқы техникалық университетте ашылған аудитория оның отбасы үшін ерекше оқиға екенін де айтты:

– Сәтбаев университеті менің атамның өмірінде маңызды рөл атқарды. Оның ғылыми жолы дәл осы жерде басталды. Осы жерде академик Қаныш Сәтбаев атамның бойынан мол әлеуетті көріп, оған тәлімгер болды. Бұл университеттің қазіргі студенттері – еліміздің болашағын анықтайтын кадрлық әлеует екеніне мен толықтай сенемін. Міне, сол үшін де осы аудитория жастарға күш-қуат беретін, оларға шабыт сыйлап, дамуларына септігін тигізетін киелі орынға айналсын. Дәл осы жерде еліміздің салаларын да, адам тағдырларын да өзгертетін идеялар туа берсін. Осы аудиторияға аяқ басқан әрбір жан мықты зерттеушінің, жаңашыл жанның, елін шын жүрегімен сүйіп, оның болашағына нық сенген адамның рухын сезінсін.

Қазақстандық кәсіпкер, меценат Ғалымжан Есенов көптеген қайырымдылық жобаларды жүзеге асырып келеді, бірақ олардың ішіндегі ең бастысы – оның атасы, көрнекті ғалым Шахмардан Есеновтің құрметіне арналған қайырымдылық қоры. Шахмардан Есенов ашқан ғылыми жаңалықтар мен мемлекеттік қызметтегі ролі ұлттық экономика мен ғылымның қарыштай дамуына негіз болды. Көрнекті геолог еңбегінің арқасында елімізде мұнай мен газдың, мыстың Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетібай, Қаламқас, Бозашы және басқа да ірі-ірі кен орындары ашылып игерілді. Маңғыстау түбегі Қазақстан құрамында қалды.

Ғалым көп жылдар бойы Қазақ КСР Геология министрі, Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, академик және Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтерін атқарды. Оның ерен еңбегі Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтармен марапатталды. Ғалымның есімімен аталатын қайырымдылық қоры оның өмірлік ісін жалғастырып, гранттық бағдарламалар арқылы Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамытуда.

Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев ұлы ғалымның есімімен аталған аудиторияның ашылуы университет үшін ерекше маңызы бар екенін өз сөзінде атап өтті:

– Шахмардан Есеновтің есімі қазақтың алғашқы Политехі тарихында ерекше орын алады. Оның өмір жолы – Отанға қызмет етудің жарқын үлгісі. Дәл осы жерде, Шахмардан Есенов атындағы жоғары технологиялы аудиторияда ұлы мемлекет және ғылым қайраткерінің ісін жалғастыратын жаңа буын ғалымдар өсіп шығатынына мен сенемін.

Шахмардан Есенов атындағы аудиторияның ашылуы ұрпақтар сабақтастығының символына айналып, Қазақстанда жаңа ғылыми және инженерлік көшбасшылықты қалыптастыру жолында Сәтбаев университетінің жасаған тағы бір қадамы болды.

Сәтбаев университетінде академик Шахмардан Есенов атындағы аудитория ашылды

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту