Сәтбаев Университетінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ тілінен олимпиада өтті
29 наурыз күні Сәтбаев Университетінде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қолдауымен, А.Машани атындағы Базалық білім беру институты Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен қазақ тілі пәнінен университетішілік олимпиада өтті. Олимпиада ұлт ұстазы, белгілі ағартушы, тілші-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми жетістіктері мен қазақ ұлтына деген ықпалын дәріптеп, оның 150 жылдығына арналды. Қазақ әліпбиінің реформаторы, қазақ тілі мен әдебиеті саласына айтулы жаңалықтар енгізген ағартушы-ғалым А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы 2022 жылы Қазақстанда кеңінен атап өтілуде.
Білім додасына 5 команда қатысып, студенттер төрт сайыс бойынша (жаңылтпаштар сайысы, сұрақ-жауап, мақал-мәтелдер сайысы, логикалық сұрақтар) білімдері мен тапқырлықтарын сынады.
Олимпиадалық сайыстың қазылар алқасында — Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің Мәдени саясат комиссиясының төрағасы Қ.К. Шалабаев, университеттің Құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту бөлімі бастығының міндетін атқарушы Ж.Ж. Орақбаева болды.
Сонымен, олимпиада қорытынды бойынша жүлдегер атанғандар:
1-орын – «Қызыл тақия» командасы (Малтай Алтынай, Жұмаш Жібек, Шаратбекова Айнұр);
2-орын – «Қоңыр тақия» командасы (Толқынова Томирис, Базарбай Айя, Мұхитов Ақылжан);
3-орын – «Жасыл тақия» командасы (Өскенбаев Әділет, Ахметов Нұрғиса, Бүркітбай Арман).
Жеңімпаз командаларға ақшалай сыйлықтар, дипломдар мен естелік сувенирлер табысталды.