Сәтбаев университетінде A*STAR-мен ғылыми ынтымақтастық перспективалары туралы және PhD докторанттары Сингапурдың үздік университеттерінде тағылымдамадан өтуі туралы талқыланды

Сәтбаев университетінде Сингапурдың Ғылым, технологиялар және зерттеулер агенттігі (A*STAR) мен Наньян технологиялық университетінің (NTU) делегациясымен кездесу өтті. Екі жақ тараптар ғылыми бағыттармен таныстырып, бірлескен жобалар мен өзара академиялық алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Тараптар ынтымақтастық қарым-қатынастың басым бағыттары ретінде материалтану, тұрақты даму және компьютерлік технологияларды атады. Әсіресе сингапурлық өзара білім алмасу бағдарламалары ерекше қызығушылық тудырды, олар PhD докторанттары мен жас ғалымдарға арналған, әрі зерттеу жұмыстары бойынша A*STAR институттары мен Сингапур университеттерінде тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді.
Сингапурдың ғылым мен технологиялар жүйесі инновациялар мен стартаптарды дамытуға ықпал ететін үздіксіз зерттеу экожүйесін қалыптастыруға бағытталған. Елде ғылыми зерттеулерді қаржыландыруға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама жүзеге асырылуда, оған шамамен 2 млрд АҚШ доллары бөлінген. Басым бағыттар: денсаулық сақтау, цифрлық экономика, урбанистика және тұрақты даму, сондай-ақ өндіріс пен сауда.
A*STAR ұйымы биомедициналық және инженерлік зерттеулер саласы бойынша 17 ғылыми институттың жұмысын үйлестіреді. Ұйым жас ғалымдарға белсенді түрде инвестиция салып, халықаралық ынтымақтастыққа қолдау көрсетеді және кең ауқымды зерттеу алмасу бағдарламаларын ұсынады. Мысалы, A*STAR Research Attachment Programme бағдарламасы докторанттарға әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғылыми жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Ал Singapore Research Attachment Programme бағдарламасы зерттеу орталықтары арасындағы бірлескен жобаларды қаржыландырады және біздің жас ғалымдарға Сингапурдың жетекші университеттерінде ұзақ мерзімді тағылымдамадан өтуге жол ашады.
Кездесу барысында A*STAR өкілдері Қазақстан ғылымының жоғары ғылыми әлеуетін атап өтті және Сәтбаев университетімен серіктестікті одан әрі нығайтуға мүдделі екендерін білдірді. Қонақтар студенттер мен оқытушыларға арналған ақпараттық сессияға қатысып, кампус ішінде экскурсия жасады.