Сәтбаев Университетінде «айлакер кубтар» пайда болды
12 сәуір күні Сәтбаев Университетінде «айлакер кубтар» пайда болды. Бұл – белгілі қазақстандық сәулетші, «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мұражайы мен мемориалдық кешенінің сәулеттік ансамблінің және Қазақстан астанасындағы «Достық» халықтар достығы монументінің авторы Сәкен Нарыновтың концептуалды жобалары еді. Шебердің қолынан шыққан тамаша бұйымдар мен жобалары Қазақстан, Ресей, Болгария, Түрікменстан, Жапония, Германия, Франция, Перу елдерінде және Копенгагенде өткен 30-дан астам көрмелер мен байқауларға қойылған.
Сәкен Нарынов 1970 жылы Сәтбаев Университетінің сәулет факультетін бітірген, ол кезде университет Қазақ политехникалық институты болатын. Сәкен Жомартұлы өзі оқыған оқу орнын үнемі еске алып отырады, оның еңбектері бұрыннан университеттің сәнін келтіріп тұрады. Бүгінде осы дәстүрді жалғастыра отырып, автордың «Кубтың алты күйі» атты туындылар топтамасы университет қабырғасын безендіруге ұсынылып отыр. Ондағы жұмыстардың әрқайсысы қарапайым абстрактілі формалардың тілі арқылы адамның ең күшті эмоцияларын қалай жеткізуге болатынын зерттейді:
1) «шаршап-шалдыққан күй»,
2) «қажырлы жасампаздық»,
3) «жасырын екіжүзділік»,
4) «сабырлы бірқалыптылық»,
5) «қастандық тудыратын күй»,
6) «құпиялы сұлулық».
Атауы айтып тұрғандай, барлық жұмыстар кубқа (текшеге) негізделіп жасалған, олардың ішкі құрылымы ұқсас – кеңістіктік тор. Дәл осы құрылымдағы өзгерістер кубтың «көңіл-күйін» бағалауға мүмкіндік береді.
Мұндай кубтарды жасауға Сәкен Нарыновтан басқа, Александр Трощинский, Эрнест Жұмағазыұлы және Владимир Яскевич үлес қосты.
Инсталляцияның тақырыбы қарама-қайшылық тудырғанымен, студенттер мен оқытушылардың оған деген реакциясы оң болды. Көрменің ашылуында көтеріңкі көңіл-күй тұрды, яғни «қиындықтарды жеңе отырып, алға қарай даму, жұлдыздарға қол созу» ұраны басымырақ болды.