Ақпарат:

15 қыркүйек 2023 2034

Сәтбаев университетінде Еренғайып Шайхутдиновтың мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті

Сәтбаев университетінде Еренғайып Шайхутдиновтың мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті

Сәтбаев университетінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Еренғайып Мәлікұлы Шайхутдиновтың 90 жылдық мерейтойына арналған «QazPolymers Dialogue: білім, ғылым және бизнестің өзара әрекеттесу жүйесі» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға Сенаторлар кеңесінің мүшесі, IV шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің сенаторы Хұсайын Валиев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылған депутаты Бақытжан Базарбек, сондай-ақ Мұнай және газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығы кеңесінің төрайымы Раушан Сармурзина қатысты.

Дөңгелек үстелге сонымен қатар еліміздегі ірі-ірі техникалық жоғары оқу орындарының қызметкерлері де қатысты. Сәтбаев университетінің ғылыми зерттеушілерінен басқа әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, ҚБТУ, Е.А.Бөкетова атындағы ҚарМУ, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінің өкілдері, «Мұнай және газ-химия өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының», сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Ғалымдар полимерлер химиясы саласындағы жаңа әзірлемелерімен және жаңалықтарымен таныстырып, саланы дамыту туралы өз көзқарастарымен бөлісті. Дөңгелек үстел аясында білім, ғылым және бизнес өкілдері елімізде полимер өнеркәсібін жетілдіру мәселелері бойынша бір-бірімен пікір алмасты.

Полимерлер – мұнайдан алынатын заттар, олар күнделікті өмірде кеңінен қолданылады. Полимерлер атап айтқанда: пакет, ыдыс-аяқ, желім, лак, зергерлік бұйымдар, сымдар, автомобиль бөлшектері, медициналық бұйымдар, импланттар. Десек те, Қазақстанның мұнай-химия өнеркәсібі қазір қалыптасу үстінде, сондықтан да өндірістің алдында шешімін табуды талап ететін көптеген мәселелер тұр.

Бұл жиын енді ғана дамып келе жатқан салаға қажетті кадрлар даярлаудың, сондай-ақ ол үшін инновациялық технологияларды әзірлеудің өзекті мәселелерін көтерді. Дөңгелек үстелге қатысушылар өз назарларын полимер профильді кәсіпорындардың мәселелерін шешуге бағытталатын оқу үдерісі мен ғылыми қызметті интеграциялау мәселелеріне аударды.

Дөңгелек үстел Сәтбаев Университетінің бастамасымен әлемдегі ең ірі мұнай-химиялық компаниялардың бірі «Fluor Kazakhstan» компаниясының қолдауымен өтті. Аталмыш жиын полимерлерді зерттеуге және Қазақстанда полимер өнеркәсібін құруға ерен еңбек сіңірген қазақстандық белгілі ғалым-педагог, академик Еренғайып Мәлікұлы Шайхутдиновты құрметпен еске алуға арналды.

Айта кетейік, Еренғайып Шайхутдинов – кеңестік және қазақстандық ғалым, қоғамдық және саяси қайраткер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Химия саласы бойынша жазылған 600-ден астам ғылыми еңбек пен өнертабыстың авторы. Оның ғылыми жетістіктері өте жоғары бағаланып, ол көптеген орден-медальдармен, соның ішінде «Парасат», «Құрмет», «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту