Сәтбаев Университетінде Еріктілер клубы ресми түрде ашылды
Сәтбаев Университетінде Еріктілер клубының ашылу салтанаты өтті, ол БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен бірлескен бастама аясында ашылды.
Салтанатты жиынға университет ректоры Мейрам Бегентаев, Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Жобалық кеңсенің директоры Жанна Төлегенова, кеңсе менеджері Рустам Ахметов, сондай-ақ Студенттік еріктілер қозғалысының өкілі және кеңесшісі Темірлан Қуаныш қатысты. Ал БҰҰ Еріктілер бағдарламасы тарапынан жиынға БҰҰ Еріктілер қозғалысы бойынша Консультативтік қызмет дирекциясының басшысы Тапива Камуруко, БҰҰ Еріктілер бағдарламасының Қазақстандағы ел үйлестірушісі Никита Шабаев және «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар ұйымының атқарушы директоры Татьяна Миронюк қатысты.
Клубтың ашылу салтанатында Тапива Камуруко «Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде еріктіліктің үлесі» тақырыбында дәріс оқып, еріктілер қозғалысының қоғам үшін маңызды екендігіне тоқталды. Сәтбаев Университеті Еріктілер клубының қатысушылары бұл тақырыпқа үлкен қызығушылық танытып, БҰҰ-ның Еріктілер бағдарламасының қолдауымен барлық еріктілер бастамаларына белсенді түрде қатысуға дайын екендіктерін білдірді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасының қамқорлығымен жұмыс істейтін БҰҰ Еріктілер бағдарламасы дүние жүзіндегі жобаларға білікті еріктілерді тарту арқылы бейбітшілік пен тұрақтылықты дамытуға ықпал етеді. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – жоғары ынталы еріктілерді Тұрақты даму бағдарламаларына біріктіру.
Еріктілер бағдарламасының қатысуымен Еріктілер клубын құру университет студенттері мен қызметкерлеріне өздерінің көшбасшылық қабілеттерін дамытуға, құнды дағдыларды меңгеруге және әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл серіктестік қарым-қатынас азаматтық қоғамды нығайтуға, Тұрақты даму мақсаттарын ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілетуге көмектеседі.