11 желтоқсан 2018 6868

Сәтбаев университетінде «ЕвроХим» кейстері бойынша чемпионат өтті

Сәтбаев университетінде «ЕвроХим» кейстері бойынша  чемпионат өтті

Үстіміздегі жылы 6 желтоқсан күні Сәтбаев университетінде «ЕвроХим» компаниясының кейстері бойынша чемпионаттың V мерзімі «Тау-кен ісі» лигасының іріктеу кезеңімен басталды. Чемпионаттың мақсаты – «ЕвроХим» бойынша мақсатты түрде таңдап алынатын студенттердің кәсіби дайындығының деңгейін арттыру, сондай-ақ бейінді жоғары оқу орындарының келешегі зор студенттерін жақсы жұмысқа орналастыру мәселесін қарастыру.

Чемпионатқа 4 команда қатысты. Қатысушылар чемпионаттан бір апта бұрын тапсырмалар алып, кейсті шешті және чемпионатта сол шешім бойынша таныстыру рәсімін (презентация) өткізді. Студенттер шешімдерінің нәтижелерін эксперттік комиссия бағалады. Комиссия құрамында «ЕвроХим-Тыңайтқыш» өндірісі бойынша бас директордың орынбасары Болат Каримов, Ө. Байқоңыров атындағы Тау-кен-металлургия институтының директоры Зинеш Әбішева және Сәтбаев университетінің профессорлы-оқытушылар құрамының өкілдері болды.

Сайысқа «ЕвроХим» компаниясының нақты өндірістік жағдайында және компанияның материалдары бойынша жасалған кейстер ұсынылды. Әрбір таныстыру рәсіміне 7 минуттан уақыт бөлінді, ал әділ қазылар алқасы қатысушылардың жұмыстарын жеке-жеке бағалады. Ең жоғары баға экономикалық тұрғыдан нақты және инновациялық болып табылатын шешімдерге берілді.

Сөйтіп, әділ қазылар алқасының шешімі бойынша Pitman командасы жеңімпаз деп танылып, дипломға ие болды. Бұл команданы өткен жылы «ЕвроХим» чемпионатына қатысқан Дәулет Магавьянов құрған болатын. Оның былтырдан бергі жиған мол тәжірибесі осы жолы жеңіске жетуге және жұмыс берушілер алдында өзінің жоғары дайындығын көрсетуге көмектесті.

Pitman командасы үшін келесі кезең – 2019 жылы ақпан айында Мәскеу қаласында өтетін финалдық чемпионатқа қатысып, біздің оқу орнының абыройын қорғау. Ал әзірге жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, «ЕвроХим» кәсіпорындарында практикадан өтуге және компанияның жыл сайын Сочида өтетін Жас мамандар слетіне қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ «Тау-кен ісі» лигасының жеңімпаздары 2019 жылы «CASE-IN» Халықаралық инженерлер чемпионатының жеңімпазы атанады.

«ЕвроХим» компаниясының кейс бойынша чемпионаты «Надежная смена» қорының қолдауымен 2014 жылдан бастап өткізіліп келеді. Аталмыш қордың қызметі энергетика мен өнеркәсіп саласында қызмет еткісі келетін талантты жастарды іздеп табуға және оларды кәсіби тұрғыда дайындауға бағытталған.

Чемпионат негізінен төрт сала бойынша өткізіледі: «Тау-кен ісі», «Логистика», «Минералды тыңайтқыштар», «Сатылымдар». Ал чемпионаттың іріктеу кезеңдері Қазақстан мен Ресейдің 19 техникалық жоғары оқу орнында өтеді. 2017 жылы бұл чемпионатқа Қазақстан мен Ресейдің 11 бейінді жоғары оқу орындарынан 270 студент қатысқан болатын.

 

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту