Сәтбаев Университетінде ғарыш технологияларының Халықаралық Kazakhstan Smart Space байқауы басталды
Сәуір айының алғашқы күндерінде Сәтбаев Университетін ғарышқа деген жалпылама құштарлық баурап алды – университетте «Kazakhstan Smart Space» атты ғарыштық технологиялар мен жабдықтардың ІІ Халықаралық байқауы басталды. Қазақстан, Ресей және Өзбекстанның 59 оқу орнынан студенттер мен мектеп оқушылары осы байқауда жүлделі орынға ие болу үшін өздерінің ғылыми жобаларын ұсынды. Ашылу салтанатында Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Марат Нұрғожин және Қазақстандық жобаларды басқару институтының президенті Олег Парахин сөз сөйледі.
Жастардың шығармашылық дарыны мен олардың келешегі зор идеялары бүкіл шараның өзегіне айналды. Жас инженерлер 3 түрлі жас категориясы бойынша 3 шығармашылық және бір конкурстық номинацияда сынға түсті. Әр қойылымға Марат Нұрғожин төрағалық ететін қазылар алқасы баға берді. Сумо жекпе-жегін көрсеткен роботтардың өнері ең таңданарлық қойылым болып, тамаша әсер қалдырды.
Жарыс қонақтарына үлкен бағдарлама ұсынылды: мектеп оқушылары Сәтбаев Университетінің кампусымен танысты, Ұ. Сыдықов атындағы коворкинг орталығын, Минералдар галереясын, Тарихи мұражайды, Қазақстан технологияларын дамыту мұражайын және университет кітапханасын аралады. Қонақтар әсіресе ғарыштық квест пен ғарыш индустриясында және басқа да жоғары технологиялық салаларда мектеп пен студенттік кәсіпкерлікті дамытуға арналған халықаралық семинарға баса назар аударды.
Жас ұрпақтың ғарыш бағдарламасына деген қызығушылығының маңыздылығын бағалау өте қиын. Спутниктік байланыс, навигация, метеорология, өнеркәсіп, тіпті медицина – адам өмірінің барлық осы салалары ғарыштық технологияларды қолданбаса, бүгінгі күні біз білетін формада өмір сүре алмас еді. Сондықтан да биылғы жылғы байқау «Ғарыш саласының динамикалық инновациялары мен базалық салалары. Проблемалар, әлеует және болашақ: Қазақстан – 2023–2030» атты Бірінші халықаралық конференциямен қатар өтуде.
Аталмыш конференция байқаудың екінші күні басталады, оған «Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының, Алматы қаласы Білім басқармасының, ҚР ҰҒА Аэроғарыш комитетінің және «Kazakhstan Space Travel» компаниясының өкілдері қатысады. «Kazakhstan Space Travel» компаниясы. Конференцияның бағдарламасы Қазақстанның практикалық мәселелерін ғарыштық технологиялар көмегімен шешуге бағытталған. Сарапшылар кең ауқымды тақырыптарды, соның ішінде Қазақстанның ғарыш саласы үшін кадрлар даярлау мәселесін де талқылайды.
Байқау мен конференция Цифрлық экономика көшбасшыларының 6-шы Еуразиялық саммитінің арнайы іс-шаралары форматында өтеді, бұл іс-шаралар Қазақстанның Ұлттық аэроғарыш агенттігінің құрылғанына 30 жыл толуына арналған.