Сәтбаев Университетінде Ибрагим Оңаевқа арналған «ҰЛЫТАУ – Қазақстан металлургиясының бесігі» атты конференция өтті
18-19 мамыр күндері әйгілі Политехта Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор Ибрагим Әбілғазыұлы Оңаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған «ҰЛЫТАУ – Қазақстан металлургиясының бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференция осымен бірнеше рет өткізіліп отыр және металлург ғалымдардың, өндіріс қызметкерлері мен мемлекеттік органдардың өкілдерін өзіне тарту орталығына айналуда, ғалымдар ресурстық экономиканы білім экономикасына айналдыру жағдайында болашақта Қазақстан Республикасының тау-кен металлургия кешенін дамыту стратегиясын қалыптастыру мақсатында жиналды.
Конференция жұмысына 100-ден астам адам қатысты, олардың арасында Өзбекстан, Малайзия, Израиль, Ресей және Қазақстанның мемлекеттік университеттерінің, ғылыми-зерттеу институттарының, кәсіпорындары мен жеке компанияларының жетекші ғалымдары мен мамандары болды. 70-тен астам баяндама тыңдалды. Еліміздің тау-кен металлургиялық кешенінің және оны қайта құрудың өзекті мәселелеріне арналған сұрақтардың ішінде қоршаған ортаны қорғау және өндіріске қажетті білікті кадрларды даярлаудың өзекті мәселелері ерекше орын алды.
Пленарлық отырысты университеттің Корпоративтік даму жөніндегі проректоры, профессор Ержан Көлдеев ашып, «Ақсақалдар алқасы» кеңесінің төрағасы Ұлықпан Сыдықов пен жиынға онлайн қосылған Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжановқа сөз берді. Конференцияда Сәтбаев Университетінің Тау-кен металлургия институтының директоры, профессор Қанай Рысбеков модератор болды.
«Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту» кафедрасының көрнекті түлегі, қазір Парламент Сенаты жанындағы Сенаторлар кеңесінің депутаты, профессор Хусайын Валиев конференцияның ұйымдастырылуын жоғары бағалап, қатысушыларға құттықтау сөз сөйледі:
– Конференция барысында мен жаңа тұлғаларды көргенде, қатты қуандым, олардың жұмыстарын, баяндамаларын көрдім, – деді Хусайын Хасенұлы. – Жас ғалымдарға батылдық, талпыныс тілеймін! «Жолды жаяу жүргінші игереді» дейді, алайда жол да жаяу адамның табанының астынан басталады. Сіздер бүгін ең маңызды алғашқы қадам жасадыңыздар. Бәрекелді!
Дегенмен, конференцияны ұйымдастырушылар болашаққа үлкен қадам жасап қана қоймай, даңқты түрде өткен тарихқа тағзым етті. Конференция Қазақстанның қақ ортасында орналасқан Ұлытау жотасының атымен тығыз байланысты. Бұл жер елімізде металлургия бесігіне айналуы тегіннен-тегін емес.
Қазақ металлургия мектебінің негізін салушылардың бірі, Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі, профессор Ибрагим Оңаев өзінің еңбек жолын осында – Қазақстандағы тұңғыш түрлі-түсті металлургия комбинаты атанған Қарсақбай мыс қорыту зауытында бастаған еді. Оның күшімен жиналған материалдар мен талай жылғы еңбек тәжірибесі керемет ғылыми еңбектерге негіз болды – Ибрагим Оңаев өмірінде 300-ден астам ғылыми еңбектер мен монографиялар жазды. Орталық Қазақстандағы металлургия және кен өндіру процестерін зерттеуге қосқан үлесі бірнеше рет жоғары бағаланып, оның есімі Қазақстан Республикасының Алтын Құрмет кітабына жазылды.
Бұл жиынды конференция қонақтары жоғары бағалады:
– Керемет жиын! – деп атап өтті ERG байыту инженері Сымбат Дүйсенова. – Мен профессор туралы, оның өмірі туралы көп нәрсе біліп шықтым. Мұндай іс-шаралар ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, жас әріптестеріміз бен студенттерге озық ой тастап, рухани азық болады, әрі көрнекті ғалымдар жүрген жолды жалғастыруға көмектеседі.
Конференция өндіріс тиімділігін арттыруға қажетті инновациялар мен ғылыми әзірлемелер трансфертіне арналған дөңгелек үстелмен аяқталды. Академик Сұлтанбек Қожахметов, «Kazminerals» компаниясының бас байытушысы Ұлпан Джетыбаева және «ERG ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығы» ЖШС-нің инженері Сымбат Дүйсенова баяндама жасады. Мұнан соң қонақтар пікірталасқа, өзара пікір алмасуға және сұрақтарға жауап беруге көшті.
Конференция жоғары кәсіби деңгейде өтті. Қатысушылар инновациялар трансферті экономикалық дамудың маңызды құралы болып табылады деген ортақ пікірге келді. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін іргелі зерттеулерді мемлекеттік қаржыландыруды, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, жер қойнауын пайдаланушылар мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты қалпына келтіру керек. Бұл бағыттағы алғашқы қадамдардың бірі болып табылатын «Халықаралық Оңаев оқуларын» тұрақты түрде өткізіп тұру қажет, өйткені бұған геология, тау-кен ісі, пайдалы қазбаларды өңдеу, металлургия және экология салаларындағы халықаралық ынтымақтастық қолдау көрсететін болады.