Сәтбаев Университетінде Қаныш Сәтбаевтың туған күніне арналған ғылыми конференция өтті
Сәтбаев Университетінде дәстүрлі «Сәтбаев оқулары» өтті. Жыл сайын өткізілетін халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның биылғы 2022 жылғы тақырыбы «Қазіргі заманғы ғылыми зерттеулердің тренді» деп аталды.
Конференцияның мазмұны ғылыми білімнің жоғары жылдамдығына байланысты қазіргі әлемдегі ақпараттың да ашық және қол жетімді болуы туралы болды. Мұндай ілгері жылдамдық ғалымдардан өз саласындағы соңғы жаңалыққа үнемі дайын болуды талап етеді, әрі олар соңғы шыққан зерттеу әдістерінен хабардар болып, қазіргі трендті қадағалап отырулары және олапды сараптауды да білулері тиіс.
Конференциядағы ерекше аталып өтерлік үлкен оқиға – белгілі ғалым-металлург, ҚР ҰҒА, ҚазҰЖҒА, ҰГҒА академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбішева Зинеш Садырқызына арналған «Пайдалы қазбаларды өңдеуде және металлургияда қазіргі заманғы технологиялардың дамуы» атты секциясы болды. Ғалымның 75 жылдық мерейтойы университетте 13 сәуір күні аталып өтті.
Секцияны университеттің Ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Әлібек Шоқпаров жүргізді. Ал секцияның пленарлық отырысын университет ректоры, профессор Мейрам Бегентаев құттықтау сөзімен ашты. Әлемнің әртүрлі елдерінің жетекші ғалымдары конференция секциясына өздерінің құттықтауларын жолдады.
Секция жұмысы академик Зинеш Әбішеваны еске алуға арналған іс-шаралармен ерекшеленді. Осы конференция аясында «Өткенді есте сақта» атты естелік кітаптың тұсаукесері болып, ғалымның және тау-кен металлургия саласы бойынша еңбектердің көрмесі ашылды, сондай-ақ Зинеш Әбішева туралы фильм көрсетілді. Университеттің жөндеуден өткен Жылу корпусында Зинеш Әбішева атындағы аудитория ашылды. Аудиторияны ғалымның сіңлісі Зәуре Садырқызы Әбішева мен жиені Диляра Радикқызы Қайдарова салтанатты түрде ашты.
Зинеш Әбішева – «Металлургия» мамандығы бойынша техника ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған тұңғыш қазақ әйелі, ол өз өмірін сирек металдар металлургиясы, металлургиялық процестердің физикалық химиясы саласындағы ғылыми шығармашылыққа арнаған. Сәтбаев Университеті көрнекті ғалым бейнесін мәңгі есте сақтайды.