Сәтбаев Университетінде қайта жөндеуден өткен Жылу ғимараты ашылды
Үстіміздегі жылы 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні Сәтбаев Университетінде қайта жөндеуден өткен Жылу ғимараты салтанатты түрде ашылды. Бұл іс Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының директоры Қанай Рысбеков пен Энергетика және машина жасау институтының директоры Қасым Елемесов еңбектерінің арқасында жүзеге асты. Қазақстан жоғары оқу орындарының тағдырына бей-жай қарамайтын демеушілерді ғимаратты қайта жөндеуден өткізуге тартқан да сол кісілер болатын.
Жылыту ғимаратын ғалым-ұстаз, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының және басқа үш техникалық академияның, соның ішінде Қазақстан Республикасының Халықаралық инженерлік академиясының академигі, Қазақстан Республикасы индустрия министрінің бұрынғы орынбасары Марат Жақыпұлы Бітімбаев салтанатты түрде ашты.
Ол университет ұжымын жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті: «Мен бұл университетті 1962 жылы бітірдім, ол кезде бұл институт болатын. Сөйтсем де, осы университет ұжымының алдында, студенттердің алдында алғаш рет сөз сөйлеп тұрмын. Бұл мен үшін керемет оқиға!» – деді ол өз сөзінде.
Оқытушылар қайта жөндеуден өткізу жұмыстарының қиындығы туралы айтып, оны аяқтауға баға жетпес үлес қосқаны үшін Сәтбаев Университетінің барша достарына алғыстарын білдірді. Жылу ғимаратының бір қабырғасы қайта жөндеуден өткізуге атсалысқан барлық демеушілердің тізімі жазылған ескерткіш тақтамен безендірілді.
Ғимараттың ашылу салтанатына Қаныш Сәтбаевтың ұрпақтары, оқытушылар, студенттер, сондай-ақ Сәтбаев Университетінің серіктестері қатысты. Студенттер қуаныштарын жасыра алмай, сүйікті ұстаздарын құшақтарына алып, аспанға көтерді. Қайта жөндеуден өткізу жұмыстарын үйлестіруші Инфрақұрылымды басқару департаментінің директоры Тыныбеков Решат Имелұлы да осындай эмоционалды алғысқа ие болды.