Сәтбаев Университетінде киберқауіпсіздік бойынша өткен қалалық жарыста достар жеңіске жетті
Сәтбаев Университетінде киберқауіпсіздік бойынша «Satbayev University Capture The Flag-2023-Red-Line» атты қалалық студенттік жарыс өтті. Жарысқа Сәтбаев Университетінен, ХАТУ, ҚБТУ, Energo University, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен, Назарбаев университеті мен Астана IT университетінен 30 студенттік команда қатысты.
Әр университеттен жиналған 120 студент ақпараттық қауіпсіздік әлеміндегі өз жетістіктерін көрсетуге тырысты, алайда жеңіс үздіктердің үздіктеріне бұйырды:
1 орын - "FR13NDS TEAM" командасы (Astana IT University)
2 орын - "Em1x" командасы (Astana IT University)
3 орын - "Space" командасы (International IT University)
4 орын - "RedNet" командасы (Satbayev University)
5 орын - "Cthulhu" командасы (International IT University)
Киберқаупсіздік саласында әйел адамдардың жұмысын бағалап, оларды ынталандыруға арналған "Techno Woman" номинациясын - "Totally Spice" командасы (International IT University) жеңіп алды.
«SUCTF-2023-Red-Line» – Қазақстанда киберқауіпсіздік мамандарының этикалық қоғамын дамытуға бағытталған шығармашылық алаң. Бұл киберқауіпсіздік саласындағы практикалық дағдыларды нақты режимде практикалық тапсырмалар жүзінде дамытуға арналған нағыз сынақ алаңы.
Қатысушылар «pentesting» әдісін қолдану арқылы жүйені бұзу немесе «шабуылдаушының шабуылын модельдеу арқылы компьютерлік жүйелердің қауіпсіздігін тексеру» жөнінде тапсырма алады. Қатысушыларға нақты сценарийлер беріледі, олар этикалық хакингке, яғни бұзу амалына шын ниетімен кірісу арқылы сценарийлерді әзірлейді.
Командалық жұмыс – жарыстың негізгі элементі болып табылады, қатысушылар нақты уақыт режимінде киберқауіпсіздік мәселелерімен бетпе-бет кездесіп, қызықты тапсырмаларды орындайды. Арнайы әзірленген оқу-жаттығу алаңы нағыз жұмыс атмосферасын тудырады, мұнда әрбір команда өз тәжірибелерін нақты іс жүзінде қолдана алады.
Қорытынды шайқас студенттерге қауіпсіздіктің осал тұстарын анықтай отырып, шабуыл нысанына талдау жасауда және оларды пайдалануда өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік берді. Жарыс аясында ақпараттық қауіпсіздік бойынша эксперт мамандар сөз сөйлеп, баяндама жасады.
"SUCTF-2023-Red-Line" жарысының бас демеушісі "Банк ЦентрКредит" және жарыстың серіктесі "AST Cyber Lab" компаниясы болды. Satbayev University атынан осы бірегей жарысты дамытуға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз.