Сәтбаев университетінде өткен «Chem Talent: химия олимпиадасында» мектеп оқушылары сұйық заттан мұнара тұрғызды
Сәтбаев университеті мен «El Umiti» корпоративтік қоры 7–9-сынып оқушылары үшін химия саласындғы теория мен практиканың байланысын ашты, олар «EL UMITI таланты» республикалық олимпиадасына қатысушыларға арнап университет қалашығында химия пәнінен жарыс ұйымдастырды. Алматы қаласынан «Химия» пәні бойынша республикалық «EL UMITI таланты» олимпиадасына қатысқан 7–9-сыныптардың 38 дарынды оқушысы өз білімдерін тәжірибе жүзінде сынап көру үшін осы жарысқа да қатысты.
Оқушылар жеребе бойынша жұпқа бөлініп, тапсырмаларды орындауға кірісті. Әрбір сынақ химия саласы бойынша практикалық эксперименттен тұрды, оны жазбаша түрде сипаттап, берілген сұрақтарға жауап беру керек-тін. Мысалы, тапсырмалардың бірі – бір-бірімен араласпайтын заттар қабатынан мұнара тұрғызу үшін, сұйықтықтың тығыздығын анықтау керек. Бұл нағыз білім мен сана сынағы болды.
Қазылар алқасының төрағасы, университет профессоры, химия ғылымдарының докторы Тыныштық Ысқақова бұл байқау болашақ химик-ғалымдардың мамандыққа алғаш рет қадам жасауына, сөйтіп жинаған білімдері үшін марапат алуға септігін тигізетінін баса айтты:
– Бұл бүкіл химиктер үшін нағыз мереке болды, – деді ол. – Бүгін мұнда ең мықтылардың мықтысы келіп отыр. Осы жас зерттеушілер өз білімдерін көрсетіп, күйзеліске қарсы тұра білулері керек, болашақта бұл оларға өздерінің бойындағы қабілеттерін көрсетуге көмектеседі, сөйтіп олар ұстаздарының үмітін ақтайды деп сенеміз.
«Chem Talent: химия» жарысы осымен екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жылы ол Астана қаласының оқушылары үшін ұйымдастырылса, келесі жылы Қазақстанның басқа да аймақтарында ұйымдастырылады. Жас химиктерге қолдау көрсету үшін бұл жарысқа белгілі ұстаз, химия пәні бойынша олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Халықаралық Менделеев олимпиадасының екі дүркін жеңімпазы, «Химия қарапайым тілде» атты кітаптың авторы Нұргелді Санабай қатысты.
Жарысқа қатысушылардың барлығы дипломдармен және ғылыми ойындармен марапатталды, ал жеңімпаздарға мобильді телефон, ақылды құлаққап секілді бағалы сыйлықтар табыс етілді. Сонымен:
1-орын – Кинебаев Жәнібек (9-сынып, «НИШ ХБН Алматы»), Лиора Висингириева (8-сынып, PhysTech).
2-орын – Дина Бейсенова (9-сынып, Әл-Фараби атындағы бейінді мектеп), Самира Супиева (7-сынып, «НИШ ХБН Алматы»).
3-орын – Айлин Назарова (7-сынып, «НИШ ХБН Алматы»), Анна Шишкина (7-сынып, «НИШ ХБН Алматы»).
Сәтбаев университеті Тау-кен металлургия институтының «Химиялық процестер және өнеркәсіптік экология» кафедрасы, «El Umiti» корпоративтік қоры, «Дар Алматы» орталығы және «Геномикс» биоакадемиясы бірлесіп ұйымдастырған байқаудың болашағы зор – ол химияны насихаттауда және еліміздің дарынды жастарының ғылыми әлеуетін қолдау жолында маңызды кезеңге айналады деп сенеміз.