Сәтбаев Университетінде өткен Кітап және шығармашылық фестивалінде ғалымдар, жазушылар мен студенттер бас қосты
Сәтбаев Университетінің Ғылыми кітапханасында академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл және университеттің 90 жылдық мерейтойына орай Алматыдағы жетекші баспалардың ғылыми әдебиеттеріне арналған Кітап фестивалі басталды. Фестивальді Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев пен аңыз адам, белгілі ғалым, университеттің «Ақсақалдар алқасының» мүшесі Ұлықпан Сыдықов құттықтау сөзбен ашып, еліміздің тұңғыш техникалық университеті үшін кітап оқудың маңыздылығын атап өтті.
Фестиваль аясында Ұлықпан Сыдықов атындағы жаңартылған Шығармашылық орталығында Қазақстанның белгілі өнер қайраткерлері мен ақын-жазушыларының, университетіміздің үздік түлектерінің, «Ақсақалдар алқасының», сондай-ақ Ғылыми кітапхананың еңбек сіңірген ардагерлерінің кездесуі өтті.
Фестиваль студенттердің, ғалымдардың, жазушылар мен барша кітап сүйер қауымның басын қосқан білім мен пікір алмасу алаңына айналды. Фестиваль барысында шеберлік сағаттары, техникалық оқулықтардың көрме-жәрмеңкесі, сондай-ақ «Лантар books», «Альманах» баспа үйі», «Дарын», «Эпиграф» және «Jogary Bilim» баспаларының өкілдерімен кездесу өтті.
Фестивальға келген қонақтар Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың атақты жетістіктерін, оның Қазақстан ғылымы мен білімін дамытуға қосқан зор үлесін және инженерлердің өскелең ұрпағына шабыт беруші ретіндегі рөлін атап өтті. Фестиваль жастарды оқуға және шығармашылық өнерге шабыттандырып, қарым-қатынас үшін қолайлы алаңға айналды.
Фестивальдің әсерлі шағы – ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Толқын Забированың өнер көрсету сәттері болды.
Академиялық орта мен шығармашылық бастамаларды үйлестіретін, студенттер мен оқытушылардың қатысуына ғана емес, сонымен қатар мәдени үдеріске белсенді түрде әсер етуге де мүмкіндік беретін фестиваль алғаш рет біздің университетте өтіп отыр.