Сәтбаев университетінде профессор Ғабдислам Есіркегенов атындағы аудитория ашылды
Сәтбаев университеті Ректорлар кеңесінің салтанатты отырысы аясында университетте қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, Сәтбаев университетінің түлегі, профессор Ғабдислам Есіркегенов атындағы аудитория ашылды. Ол 1962–1968 жылдар аралығында өзі оқыған университеттің ректоры қызметін атқарған болатын.
Аудиторияның ашылу салтанатына Сәтбаев университеті Ректорлар кеңесінің мүшелері қатысып, көрнекті ғалымның университетке жасаған ықпалы оның ректорлық қызметімен ғана шектелмейтінін атап өтті. Ғабдислам Есіркегенов – сондай-ақ тұтас республика көлеміндегі инженерлердің талай ұрпақтарына да ықпал беріп, өз ісімен үлгі болған ғалым.
Ғабдислам Есіркегенов 260-тан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 2 оқу құралының, 206 ғылыми жұмыс пен баяндаманың авторы және 32 өнертабыс авторлығына куәлік алған. Оның ғылыми жетекшілігімен Қазақстандағы Атасу кен орнынан германий және басқа да сирек металдарды ілеспе жолмен өндірумен бірге темір рудаларын қайтадан кешенді түрде өңдеу үлгісі әзірленді.
Ғабдислам Есіркегенов – Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгер ғалым. Ол – бірнеше жүздеген жауынгерлік тапсырманы орындаған әскери ұшқыш. Сол ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», Отан соғысы ордендерімен және басқа да медальдармен марапатталған. Ал еңбектегі табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен және «Жоғары мектеп үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Ғалым екі рет Алматы қалалық кеңесінің депутаты, екі рет Алматы қалалық және аудандық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланды, сонымен қатар басқа да көптеген жауапты қызметтерді атқарды.
Университет оқытушыларының көпшілігі оны талапты басшы, білім беру ісінің қажымас қайраткері және сирек металдар мен жартылай өткізгіштік материалдар металлургиясы саласындағы көрнекті ғалым ретінде әлі күнге дейін құрметпен еске алады.