Сәтбаев Университетінде «Сәтбаев оқулары-2021» атты ғылыми конференция өтті
12 сәуір күні Сәтбаев Университетінде «Сәтбаев оқулары-2021» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған осы конференцияның тақырыбы – «Университеттің ғылымы мен білімі Қазақстан Республикасы экономикасының негізгі салаларын дамыту игілігі үшін».
Конференцияның пленарлық отырысы аясында «Сәтбаев оқуларын» Ректордың міндетін атқарушы Амандық Тулешов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы, Ғылым және инновация жөніндегі проректор міндетін атқарушы Асқар Сыздықов модератор ретінде конференцияны жүргізіп отырды.
Одан кейін конференцияның университеттің мамандықтарды даярлаудағы барлық салалары бойынша секциялық отырыстары өтті. Конференция аясында мына секциялар жұмыс жасады:
- Геология, мұнай және тау-кен ісі
- Металлургия және өнеркәсіптік инженерия
- Кибернетика және ақпараттық технологиялар
- Химия және биологиялық технологиялар
- Өндірістік автоматтандыру және цифрландыру
- Сәулет және құрылыс
- Жобаларды басқару
- Базалық білім беру
Конференция қатысушылары қазіргі кезде өндірісте кездесетін нақты мәселелерді шешуді ұсына отырып, заманауи ғылымның өзекті мәселелерін қарастырды. Сәтбаев Университетінің жас ғалымдары мен магистранттары конференцияға белсенді түрде қатысты, сөйтіп олар өздерін таныстыруға және инновациялар мен жоғары технологиялар саласында өз мансабын бастауға мүмкіндік алды.