Сәтбаев Университетінде «Teaтр.Polytech» труппасының алғашқы қойылымы тамаша жетістікпен өтті
Биылғы жылы ғылым мен техниканы насихаттауға арналып құрылған ArtLab зертханасы мен оның қабырғасында ашылған «Театр.Polytech» өз труппасының алғашқы нәтижесі – «Механизм» спектаклін көпшілік назарына ұсынды.
ArtLab зертханасының директоры және пьеса авторы Анель Сыздықова-Битоссидің айтуынша, спектакль метамодернизм философиясының рухы мен техногармонизм (яғни, қоғамда үйлесім тапқан әлеуметтік жүйе) идеяларын басқа қырынан айқындайды.
Спектакль көрерменге ғылыми-техникалық прогреске деген көзқарастарды жаңарту идеясын ұсынады. Бұл Сәтбаев Университетін жаңа технологиялық этиканың жаһандық трендінің алдыңғы қатарына шығаруда.
Спектакльге арқау болған оқиға біздің университет қабырғасында және ойдан шығарылған ұжымдық ұйқы әлемінде орын алады, яғни теңіз түбінен тауып алынған және университет профессоры оны қалпына келтіріп, рұқсатсыз іске қосқан механизмнің дұрыс жұмыс істемеуі салдарынан бір топ студент ұйқы әлеміне түседі.
Қалың ұйқыға енген жігіттер өздері туралы және тұтас өмір туралы көп нәрсені түсінеді. Ұйқының негізгі мазмұны Минотавр туралы және Крит аралының қайғылы түрде жойылып кеткен өркениеті туралы аңыз негізінде қазіргі заманғы жаһандық технократияның проблемалары жөнінде әңгімелейді және технологияға мұқият қараудың маңыздылығы туралы ескертеді.
Сахнадағы ойын керемет актерлік шеберлікпен, терең мағына, тамаша костюмдер, әдемі музыкалық және хореографиялық эпизодтармен толықтырылған. Көрермендердің жазған пікірлеріне қарағанда, бұл сынақ ретінде қойылған алғашқы спектакль екеніне қарамастан, ArtLab жұмысы тамаша нәтиже беріп, барлық үміттерді ақтап шықты, әрі бұл олардың соңғы қойылымы емес екені даусыз.
Біз «Театр.Polytech» труппасын тамаша жетістігімен құттықтаймыз және алдағы уақытта қызықты да тартымды қойылымдар тілейміз!