Сәтбаев Университетінде «Techno women Almaty: Almaty – digital heart» форумы өтті
18 мамыр күні еліміздің тұңғыш техникалық университетінде әйелдер көшбасшылығы мен әйелдердің цифрлық әлемде өзін-өзі жүзеге асыруы тақырыбына арналған IT-форум өтті.
Форумды Сәтбаев Университеті Автоматтандыру және ақпараттық технологиялар институтының директоры Раиса Өскенбаевамен бірге «Цифрлық трансформация» қоғамдық қорының жетекшісі Азиза Шөжеева ұйымдастырды. Форум қонақтары – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова форумға қатысушыларды қызу құттықтады.
Сәтбаев Университетінде өткен форум – әйелдер бастамасын қолдау үшін желілік қауымдастық құрудағы алғашқы қадам болмақ және мегаполис тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа шешімдер мен жобаларды генерациялайды. Алматы мен Сәтбаев Университеті бұл бастаманың алаңына айналуы кездейсоқ емес: Алматы – ең ірі кәсіпкерлік орталық болып табылады, мұнда IT-хаб және озық технологияларға маманданған 2 мыңнан астам компания орналасқан, ал Сәтбаев Университеті – осы қаладағы студенттік және технологиялар орталығының бірі.
Форум спикерлері цифрлық экономика мен жаңа технологиялық индустрияның қыздар мен әйелдерге беретін мүмкіндіктері туралы айтып, IT-жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті, бағдарламалау мен жаңа цифрлық дағдыларды үйрету бағдарламалары туралы айтты. Спикерлер жаңа технологиялардың көмегімен әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтіп, қаржылық тәуелсіздікке қалай қол жеткізе алатыны туралы да айтты.
Әйелдер үшін сондай құралдың бірі – BTS Education электронды коммерция мектебі, жоғары технологиялар саласында кәсіби біліктілікті арттыруға арналған тәлімгерлік бағдарламалары, сондай-ақ экономикада ауқымды цифрлық трансформация жасау үшін цифрлық офицер-әйелдерді оқытуды жоспарлап отырған «Techno women» қауымдастығының өзі болуы мүмкін.
«Techno women» әйелдер қауымдастығы әйелдерді IT-стартап қозғалысына тарту үшін үгіт-насихат жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Қауымдастық бастамалары аясында технологиялық компанияларға арналған саясаттарды әзірлеу, мектептермен жұмыс жүргізу және STEM пәндерін оқыту жоспарлануда. «Techno women» әйелдер қауымдастығына технологиялық стартаптарды, шағын және орта бизнестегі цифрлық қызметтерді дамытатын EduTech, FinTech, GovTech, HealthTech Digital, New Media және жоғары технологияларға қатысы бар басқа да салалардағы компанияларда жұмыс істейтін әйелдер кіреді.
Сонымен қатар форумға қатысушылар арасында Jumysbar компаниясының SMM және Product Management, Power BI деректерді талдау жүйесі бойынша Geometry курстарында тегін оқуға арналған сертификаттар ұтысы ұйымдастырылды. Оны әйелдерге жаңа цифрлық әлемде бәсекеге қабілетті болуға көмектесетін бағдарламалау мектептері ұсынған болатын.