Сәтбаев университетінде техник мамандарға әдеттен тыс ойлауға көмектесетін пән бойынша алғашқы емтихан өтуде

Сәтбаев университеті – инженерлік білім беру үрдісі шығармашылық пәндермен толықтырылатын университет. Биыл «Киберқауіпсіздік, ақпаратты өңдеу және сақтау» кафедрасының студенттері әдеттен тыс емтихан – яғни «Дизайн және сән негіздері» атты шығармашылық пәннен емтихан тапсыруда. Осылайша, Сәтбаев университеті STEM-білім беру тәсілін инженерлік мәселелердің стандартты емес шешімдерін табу дағдыларымен толықтырып, оны MIT және Гарвард университеттері үлгісінде STEAM-білім беру тәсіліне айналдыруда.
«Біз инженерлердің жаңа буынын – яғни, дәл есептеулерді көркем көзқараспен үйлестіре алатын мамандарды даярлап жатырмыз», – деді бағдарламаның идеялық шабыттандырушысы Анель Сыдықова-Битосси. – Мұндай бағдарламаларға үлкен сұраныс бар екенін көріп отырмыз, сондықтан біздің студенттер «Дизайн және сән негіздері», «Театр өнері» секілді пәндерге ғана емес, өздерінің мүмкіндіктерін кеңейтуге көмектесетін барлық пәндерге де қол жеткізе алады».
Шығармашылық пәндер студенттердің ой-өрісін кеңейтуге көмектеседі, сөйтіп олардың өзіндік ерекше стилін қалыптастыруға мүмкіндік береді, онсыз жаңалық ашып, инновациялар жасау мүмкін емес. Инженерия саласының болашағы ғылым мен өнерге және технология синтезіне негізделетініне, ал шығармашылық тұрғыда білім алу – әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті мамандарды даярлаудың негізгі кепілі екеніне Сәтбаев университетінде сенім мол.