Сәтбаев Университетінде тұрақты энергетика және суды тазарту саласындағы озық тәжірибелер мен инновацияларға арналған «Advanced Materials for Sustainable Energy and Water Treatment» атты халықаралық воркшоп өтті
Сәтбаев Университетінде тұрақты энергетика және суды тазарту саласындағы озық тәжірибелер мен инновацияларға арналған «Advanced Materials for Sustainable Energy and Water Treatment» атты халықаралық воркшоп (семинар) өтті. Бұл іс-шараға Қазақстан мен Ұлыбританияның ғалымдары мен сарапшылары жиналып, жаһандық экологиялық және энергетикалық мәселелерді шешу үшін нанотехнологияларды, полимерлі композиттер мен инновациялық материалдарды қолданудың заманауи тәсілдері туралы талқылады.
Семинарды ғылым және корпоративтік даму жөніндегі проректор Ержан Көлдеев салтанатты түрде ашса, О.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институтының директоры Қанай Рысбеков қатысушыларға арнап құттықтау сөз сөйледі және олардың еңбектеріне жеміс тіледі.
Семинар кезінде суды тазарту процестерін жақсартуға және энергияны сақтау тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа материалдар мен технологияларды әзірлеу тақырыбына көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Сәтбаев Университеті Инженерлік зертханасының директоры Азат Сейтхан өз зертханасының негізгі ғылыми-зерттеу нәтижелерімен таныстырып, «Еуропа көкжиегі» бағдарламасы аясында Еуропалық одақ қаржыландыратын суды тазарту жөніндегі ғылыми жобаларына тоқталды.
Өз кезегінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Жану проблемалары институтының және Kingston University-нің (Лондон) өкілдері нанотехнологиялар және тұрақты химия саласындағы өз жобаларымен таныстырып, оларды экологиялық мәселелерді шешуде қолдану тақырыбына тоқталды. Қалдықтарды өңдеу және фармацевтикалық ластаушы заттарға мониторинг жүргізу үшін тұрақты химиялық процестер мен биомассадан алынған материалдарды пайдалану – осы талқылаудың маңызды аспектісі ретінде болды. Бұл зерттеулер тиімді қайта өңдеу әдістері мен қалдықтарды азайтуға бағытталған және экологиялық тұрақтылыққа, қоршаған ортаға әсерді азайтуға, сөйтіп халықтың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді.
Сәтбаев Университеті өзекті жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер бойынша өзінің жетекші рөлін тағы бір рет дәлелдеді. Ал семинар қазақстандық және шетелдік ғалымдардың тұрақты энергетика және экология саласы бойынша ынтымақтастық қарым-қатынасының алдағы перспективаларын талқылаумен аяқталды.