Сәтбаев университетінде жаңа емле ережесі талқыланды
Сәтбаев университетінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы даярлаған латын әліпбиі негізіндегі қазақ тілінің жаңа емле ережесінің жобасы талқыланды.
Ағымдағы жылы 17 қыркүйекте «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақ және орыс тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен Ғылыми кітапханада дөңгелек үстел өтті. Шараның мақсаты – латын негізді әліпбиіміздің таңбалануы мен жаңа емле ережелерін талдап, сараптама жасау.
Дөңгелек үстелде Ректор аппараты жетекшісінің орынбасары Ұ.Е.Сыздықов сөз бастап, Базалық білім беру институтының директоры А.С.Саренова, кафедра меңгерушілері А.Ж.Үдербаев, А.О.Тұрлыбекова, А.А.Ақатаева, кафедра оқытушылары, Сәтбаевтану орталығының мамандары мен кітапхана қызметкерлері, тіл жанашырлары қатысып, өз ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Қазақ ұлттық аграрлық университеті Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі С.И.Жапақов бастаған тіл мамандары аталмыш тақырыпта пікір алмасып, ұсыныстар берді. Талқылауда айтылған жоба мәтінінің архитектурасы, орфографиялық, пунктуациялық, стилистикалық ерекшеліктері бойынша ұсыныстар, назарға алынған мәселелер сараптамада қамтылып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Тіл – қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығына жіберілді.