Сәтбаев Университетінде – жаңа ректор
Үстіміздегі жылы 20 сәуірде Сәтбаев Университетінің ұжымын жаңа ректормен таныстыру рәсімі өтті. ҚР премьер-министрінің орынбасары Ералы Тугжановтың төрағалығымен өткен Республикалық конкурстық комиссияның шешімімен еліміздегі ең ежелгі техникалық университеттің ректоры лауазымына Мейрам Мұхаметрахимұлы Бегентаев тағайындалды.
Таныстыру жиынына Сәтбаев Университетінің ректоры міндетін уақытша атқарушы Амандық Тулешов, Басқарма аппаратының жетекшісі Бақыт Жәутіков, Ғылым және инновация жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Асқар Сыздықов, ректордың кеңесшісі Ұлықпан Сыдықов, университеттің институттары мен департамент директорлары қатысты.
Осы жиынға қашықтықтан онлайн форматта қатысқан ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мұхтар Мирасұлы Дауленов жаңа ректорды университет ұжымына таныстыра келе:
— Ректор міндетін уақытша атқарған Амандық Қуатұлына зор алғыс айтамын. Ол аз ғана уақыт ішінде университеттің дамуына мол үлес қосқаны сөзсіз. Сондай-ақ Мейрам Мұхаметрахимұлына жаңа лауазымда сәттілік тілеймін, – деді өзінің құттықтау сөзінде.
– Сәтбаев Университетінің ректоры болу мен үшін үлкен мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Маған көрсетілген үлкен сенім үшін зор алғыс айтамын және алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда әріптестерімнің достық көмегіне сенемін, – деді Мейрам Бегентаев өзінің жауап сөзінде.
Мейрам Бегентаев – Қазақстанның мемлекет және саяси қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаты. 2001 жылдан бастап ол жоғары білім беру жүйесінде бірқатар басшылық қызметтер атқарды; Павлодар қалалық мәслихатының III-IV шақырылымдарының депутаты. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен (2005), «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, құрмет грамоталарымен және мерейтойлық медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты (2008). Соңғы екі жылда ол С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры қызметін атқарды.