Сәтбаев университетінің 1-курс студенттері жас ғалымдармен және кәсіпкерлермен кездесті
Сәтбаев университетінің 1-курс студенттері жоғары курс студенттерімен, магистранттармен және Ғылым департаментінің қызметкерлерімен кездесті. Кездесуге Ғылым департаментінің ғылым бөлімінің бастығы Айдос Жолдасов, SU Racing Team капитаны, 1-курс магистранты Ибраим Әлібек, «Ақпараттық жүйелер» мамандығының 3-курс студенті Әлихан Мұртазаев қатысты.
Студенттер ғылыми іс-шараларға қатысу және болашақта өз ісін ашу жолдарын талқылады. Біздің университеттің түлегі Айдос Жолдасовтың айтуынша, қазір Сәтбаев университеті ғылымның дамуына көп көңіл бөледі және шығармашылық тұрғыда дарынды әрі жаңаша ойшыл студенттердің бастамаларын қолдайды. Ол 1-курс студенттерін ғылыммен белсенді түрде шұғылдануға шақырды: «Біз әрқашан сіздердің идеяларыңызды жүзеге асыруға көмектесуге дайынбыз», – деді.
Кездесуге қатысқан магистранттар өздерінің жобалары туралы айтты.
Әлихан Мұртазаев өзінің коммерциялық жобасы – арзан тұрғын үйді жалға беру үшін әзірлеген SherlockHouse мобильді қосымшасы туралы айтты.
Әлібек Ибраим, Машина жасау факультетінің 11 студентінен құралған SU Racing Team капитаны, Shell Eco азиялық марафонына қатысу тәжірибесімен бөлісті (Малайзия, Куала-Лумпур). Ол команданың «Тайбурыл прототипі 3.0.1» көлігімен осы марафонға екі рет қалай қатысқаны туралы айтып берді.
Жыл сайын «Формула-1» жарысының «Гран-при» байқауы өтетін әйгілі Сепанг айналымында 2019 жылдың мамыр айында өткен жарыста олардың командасы «Табандылық және оқиға рухы» арнайы сыйлығын, Кубок және 3000 АҚШ долларын ұтып алды. Осындай ірі халықаралық жарыста жеңіске жету – студенттер үшін де, жалпы университет үшін де тамаша жетістік.
«Қазақ және орыс тілдері» кафедрасы студенттерінің ғылыми-зерттеу жұмыстары аясында және Сәтбаев университетінің қызметкерлері мен студенттерінің жергілікті кәсіподақ комитетінің қолдауымен аталмыш кафедра студенттері осы кездесуді ұйымдастырып өткізді.
Іс-шараның мақсаты – студенттерді ғылыммен айналысуға ынталандыру, студенттердің жетістіктерінен нақты мысалдар келтіре отырып, оларды шабыттандыру. Ұйымдастырушылар бұл танымдық іс-шара 1-курс студенттерінің болашақ ғылыми қызметіне жаңа мүмкіндіктер ашады деп үміттенеді.