Сәтбаев Университетінің Әскери іс институтында Ашық есік күні өтуде
Күзгі Ашық есік күні – Әскери іс институтының талай жыл бойы өткізіліп келе жатқан дәстүрі. Биылғы Ашық есік күні Қазақстан Республикасы күніне арналды. Институт бірінші курс студенттеріне, Бостандық ауданының мектеп оқушылары мен Алматы қаласындағы Әскери-техникалық училище курсанттарына өз есігін айқара ашты.
20 қазан күні институттың әскери-патриоттық бағдарламасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекесі – Республика күніне орайластырылған құттықтаулардан басталып, Сәтбаев Университетінің ректоры Мейрам Бегентаев студенттер алдында құттықтау сөз сөйледі:
— Әскери институтта алған білімдеріңіз біздің еліміз үшін өте маңызды. Алған білімдеріңіз еліміздің аспаны әрқашан ашық, бейбіт болуын сақтауға көмектессін деп тілеймін!» – деді ректор.
Осы іс-шара аясында Әскери іс институтының оқытушылары мен курсанттары қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілерін, әскери киім үлгілерін, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен артиллериялық қондырғыларды көрсетті. Курсанттар қару-жарақты, әскери техниканы, парашютті қалай қолдану керектігін іс жүзінде көрсетті.
Көрсетілген техникалар арасында полктің өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы «Гвоздика», «Град» көп ататын реактивті жүйесі, броньдалған көп мақсатты транспортер-трактор, жаяу әскерлердің жауынгерлік машиналары, КамАЗ жүк көліктері және ең жаңа қару-жарақ үлгілері – «Арлан» және «Hammer» броньдалған доңғалақты көп мақсатты машиналары көрсетілді.
Әскери іс институты сонымен қатар Әскери әуе қорғанысын басқару орталығы мен электронды тирді көрсетті. Бағдарлама аясында «Айбын» әскери-патриоттық жұмыс орталығы ашылды. Мерекелік іс-шара қонақтарға сый-құрмет ретінде «солдат ботқасын» таратумен аяқталды.
Ертең 21 қазан күні Әскери іс институтында Ашық есік күні бағдарламасын одан әрі жалғастыру жоспарланды.