Сәтбаев Университетінің баспаханасына Таңдай Кенеевтің есімі берілді
22 қараша күні Сәтбаев Университетінде көптен күткен оқиға болды – университет баспаханасына баспаның негізін қалаушы Таңдай Кенеевтің есімі берілді.
Таңдай Кенеев – ғалым, инженер, техника ғылымдарының кандидаты, белгілі жазушы-сатирик, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Дарабоз» сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, көптеген әдеби, техникалық және ғылыми еңбектердің авторы. Ол жан-жақты дамыған тұлға еді: өнертапқыш инженері, ұлағатты ұстаз, дарынды ғалым, белгілі жазушы, сатирик және публицист.
Таңдай Кенеев 1994 жылдан бастап Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде сабақ берді. Тау-кен факультетінде аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, оқу ісі жөніндегі проректор, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Т.Кенеевтің бастамасымен университетте баспахана ашылып, өзі соның бірінші басшысы болды. Жоғары сапалы өнімге қол жеткізу үшін, ол полиграфия ісін мұқият зерттеп, полиграфиялық құрал-жабдықтарды жаңадан әзірлеп, соңғы жаңалықтарды өндіріске енгізді, сөйтіп 2004 жылға қарай Политехтың баспасы университеттер арасында үздік баспа атанды.
Мұнда жыл сайын заманауи ғылыми білімнің барлық бағыттары бойынша ондаған ғылыми журналдар мен көптеген кітаптар жарық көреді, олар негізінен студенттерге, аспиранттарға, оқытушылар мен жас мамандарға, ЖОО түсетін талапкерлерге арналған оқу құралдары мен ғылыми әдебиеттер, сондай-ақ ғылыми-көпшілік, ғылыми-фантастикалық және анықтамалық әдебиеттер.
Міне, арада көп жылдар өтсе де, Таңдай Кенеевпен бірге жұмыс жасаған қызметкерлер, оның ұжымы ғалымды озат басшы ретінде еске алды, ал баспаханаға оның есімі берілді. Бұл ғалымның университет дамуына қосқан ерен еңбегі үшін көрсетілген зор құрмет болмақ.