Сәтбаев Университетінің басшылығы университеттің ұжымдық құрылымына өзгерістер енгізді
2021 жылы 15 наурызда Сәтбаев Университетінің департаменттері басшыларының қатысуымен университет құрылымындағы соңғы өзгерістерге арналған жиналыс өтті.
Жиын барысында ректордың міндетін атқарушы Амандық Тулешов Сәтбаев Университеті Директорлар кеңесінің өткен аптадағы дауыс беру нәтижелеріне тоқталды. Осы жиын аясында «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасын сайлау өтті. Бұл лауазымға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Дауленов Мирас Мұхтарұлы сайланды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Басқарма төрағасы – университет Ректорын таңдау және тағайындау, сонымен қатар және КЕАҚ «Қ.И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ-нің» Басқарма мүшелерін сайлау тәртібін бекіту болды. Басқарма төрағасы – университет Ректоры лауазымына конкурс өткізу туралы хабарландыру республикалық «Казахстанская правда» газетінің 2021 жылғы 15 наурыздағы № 49 (29426) санында жарияланған. Осы жиын аясында сондай-ақ корпоративті басқарудың халықаралық стандарттарына сәйкес, Директорлар кеңесі жанынан Стратегиялық жоспарлау, Кадрлар және сыйақылар, Аудит жөніндегі комитеттер құрылды.
Университеттің ұжымдық құрылымы да өзгертілді: оқу ісі жөніндегі проректор мен ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі проректор лауазымдары қысқартылып, оның орнына Басқарма төрағасының орынбасары – яғни, Провост лауазымы мен Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор лауазымы енгізіледі. Провост лауазымының құзіретінде академиялық дайындық, қашықтықтан білім беру мәселелері, сондай-ақ біліктілікті арттыру бойынша өндіріспен ынтымақтастық байланыс жасау мәселелері болады. Ал Ғылым және инновациялар жөніндегі проректордың құзіретінде – университеттің барлық құрылымдарындағы ғылыми-зерттеу қызметінің мәселелері болады.
Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор сайланғаннан кейін Сәтбаев Университетінің Директорлар кеңесі проректорлар лауазымдарына үміткерлер арасында конкурс өткізеді, бұған тек оқу ісі жөніндегі проректор лауазымы – Провост қосылмайды.
Ұжымдық құрылымды қайта құру шеңберінде құрылымдық өзгерістерге сәйкес қажетті заңды құжаттар мен лауазымдық нұсқаулықтарды ауыстыру ісі жүзеге асырылады. Алайда университет департаменттерінің құрамы негізінен еш өзгеріссіз қалады. Болашақта департаменттер арасында тиімді ынтымақтастық, ақпарат алмасу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен алмасу үшін тұрақты байланыстар орнатылады.
Жоғарыдағы өзгерістер ректордың міндетін атқарушының әкімшілік құрамның қызметкерлерімен және профессорлы-оқытушылар құрамымен онлайн-кездесуінде толығырақ қарастырылатын болады.