Сәтбаев университетінің болашақ запастағы сержанттары әскери ант қабылдады

Сәтбаев университетінің Әскери іс институтында «запастағы сержант» бағдарламасы бойынша білім алған институт түлектерінің әскери ант қабылдау рәсімі салтанатты түрде өтті. Институт бітірген 480 студент әскери борышын адал өтеуге, Отанына адал қызмет етуге, оның мүддесі мен тәуелсіздігін қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Сәтбаев университетінің Әскери кафедрасы инженерлік білімді әскери дайындықпен ұштастыра отырып, запастағы кәсіби білікті сержанттарды ұзақ жылдар бойы дайындап келеді. Студенттер әскери тактиканың, жарғылардың негіздерін, техникалық пәндерді оқиды, оқу-жаттығу, атыс және дене шынықтыру жаттығуларынан өтеді, сонымен қатар әскери бөлімшелер құрамында әрекет етуді үйреніп шығады.
Әскери кафедра түлектері алған білімдері мен дағдыларын әскери қызметте де, азаматтық өмірде де ойдағыдай қолдана отырып, жоғары дайындық деңгейін, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеттерін көрсетеді. Әскери ант қабылдау – жоғары оқу орнында екінші әскери мамандық алып шыққан әрбір жас инженердің өміріндегі маңызды кезең болып табылады.
Біз жас сержанттарды құттықтай отырып, оларға ақ жол тілейміз!