Сәтбаев университетінің докторанты Ерлан Хамза Огарев Н.П. атындағы ұлттық зерттеу мемлекеттік университетінде тағылымдамадан өтті
Докторанттың ғылыми тағылымдамасы шетелдік ғылыми жетекші – академик, техника ғылымдарының докторы, профессор В.П. Селяевпен бірлесіп өткізілді. Тағылымдама барысында докторант жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелері таныстырылды, докторлық диссертацияға қатысты мәселелер талқыланды, одан әрі зерттеулер жүргізу бойынша құнды кеңестер мен нұсқаулар алынды.
Тағылымдама барысында диссертация тақырыбы бойынша келесі зерттеулер жүргізілді: экспериментті математикалық жоспарлаудың негіздері мен әдістері; туфобетондарды жасау саласындағы теориялық және эксперименттік зерттеулер; туфобетондардың қасиеттеріне негізгі әсер ететін негізгі құрылымдық параметрлерді анықтау; туфобетондарды дискретті-үздіксіз деформациялау графиктері салынды; бетон құрылымының тозу процесіне статистикалық талдау жүргізілді; баспақта үлгілердің бетон текшелерін минутына 0,5 мм жүктеу жылдамдығы және секундына 10 өлшем деректерді жинау жылдамдығы кезінде сынау жүргізілді.
Тағылымдама барысында алынған мәліметтерге сәйкес үш мақала дайындалды: туфобетон қасиеттерін оңтайландыру; ауқымды әсер; деградация теориясының негіздері.
Т.Бәсенов атындағы сәулет және құрылыс институты Н.П.Огарев атындағы Мордовия мемлекеттік университеті ғалымдарымен халықаралық коллаборация шеңберінде ғылыми-зерттеу жобалары бойынша тығыз байланыста жұмыс жасайды.