Сәтбаев Университетінің қабырғасында Баян Рақышев атындағы заманауи аудитория ашылды
Сәтбаев Университетінің қабырғасында профессор, ҚР ҰҒА академигі Баян Ракишев атындағы аудиторияның салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңа заманауи үлгідегі аудитория тау-кен металлургия корпусында ашылды. Профессор атындағы аудиторияның тұсауын «Ақсақалдар алқасы» төрағасы Ұлықпан Сыдықов пен профессор Маржан Нұрпейісова кесті.
Салтанатты шарада құттықтау сөзін алған университет басшысы Мейрам Бегентаев қатысып оқу орны атынан құттықтау сөз сөйледі. Келесі құттықтау сөзін жалғастырған Тау-кен металлургия институтының директоры Қанай Рысбеков те ақжарма ақ тілегін арнады. Бүгінгі осы заманауи аудитория жобасының демеушілері: кәсіпкер Амангелді Минигулов және DKG Development бас серіктесі Талғат Чиникеев те құттықтауға қосылды.
Университет ұжымы Амангелді Мұхамедқалиұлы мен Талғат Орынбасарұлына өз алғысын білдіреді, өйткені олардың қолдауы арқасында жаңа заманауи аудиторияны ашу мүмкін болды. Бұл заманауи аудитория жас ғалымдарға шабыт беріп, өздерінің ғылыми жұмыстарын қорғайтын болады.
Ғалым еңбегінің бұлайша ұлықталуы ұстаз еңбегінің мәңгілік екендігін айқындатады. Бұл іс шараға академик ағамыздың шәкірттері мен көптеген ғалымдар қатысты.
Айта кетейік, Баян Рақышев — көптеген жылдар бойы ғылымға, жас мамандарды оқытуға және еліміздің көптеген тау-кен кәсіпорындарында енгізілген техникалық әзірлемелерге берілген еңбек сіңірген кенші.