Сәтбаев университетінің профессоры «Ғылым үздігі» атанды
«Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы» Clarivate Analytics компаниясымен бірлесе отырып, 2017 жылы 8 қараша күні «Ғылым үздігі-2017» жеңімпаздарын аталмыш сыйлықпен марапаттау рәсімін өткізді. 2014–2016 жылдар арасында белсенділік танытып, жарияланған ғылыми мақалалары дәйеккөз ретінде ең көп қолданылғаны үшін Ө. Байқоңыров атындағы Тау-кен-металлургия институтының профессоры Тимур Дәулетбақов техникалық ғылымдар саласында «Шетелдік бірлескен авторлардың көмегінсіз жарияланып, ең көп дәйексөзге ие болған қазақстандық автор» номинациясы бойынша «Ғылым үздігі-2017» атағына ие болды.
Бұрындары зияткерлік меншік пен ғылыми зерттеулер жөніндегі Thomson Reuters компаниясының бөлімшесі болып саналатын Clarivate Analytics компаниясында дүние жүзі бойынша қолданылатын Web of Science Core Collection дәйексөздер базасы бар. Мұнда дүние жүзі бойынша 12 000 журналдар және ғылыми конференциялар мен монографияларда жарық көрген 140 000 астам материалдар туралы өте жоғары деңгейде жазылған жазбалар бар. Әрі бұл жазбалардың тарихы осыдан 115 жыл бұрын жарық көрген басылымдардан бастау алады да, олардың мазмұны апта сайын жаңартылып тұрады.
Clarivate Analytics компаниясының Ресей мен ТМД елдеріндегі өкілеттілігінің басшысы О. Уткин марапаттау рәсіміндегі құттықтау сөзінде қазақстандық ғылымның тез қарқынмен дамып келе жатқанына қуанышты екенін білдірді. Айта кетейік, қазақстандық ғалымдар Clarivate Analytics компаниясының ресурстарын тегін түрде пайдалана алады.