Сәтбаев Университетінің Racing Team командасы жаңа жеңістерге дайын!
4 қазан күні Сәтбаев Университетінде «Shell Eco-Marathon Аѕіа 2022» үшін Racing Team университетінің студенттік командасының жаңа болидінің тұсаукесері өтті. Команда құрастырған жаңа болид толығымен карбоннан жасалған және ол электр тоғымен жүреді.
Shell Eco-Marathon Indonesia 2022 марафоны биыл қазан айының 11–15 аралығында Ломбок аралындағы Мандалика (Pertamina Mandalika International Street Circuit Мото GP) халықаралық көше трассасында өтеді. Бұл – энергияны үнемдейтін көлік инновацияларының жыл сайынғы байқауы, онда университет студенттері экологиялық таза автомобильдер жасайды.
Жарыс 1939 жылдан бері өткізіліп келеді. Иллинойс штатындағы ғылыми-зерттеу зертханасында жұмыс істеген ғалымдар бір галлон жанармаймен көлігін кім басқара алатынын білу үшін, достық бәс тіккен еді. Содан бері Shell Eco-marathon жарысы бүкіл әлемде өткізіліп келеді. Racing Team командасы бұл жарысқа төртінші рет қатысқалы отыр.