Сәтбаев университетінің Ректоры Президентпен кездесті
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сәтбаев университетінің Ректоры Искандер Бейсембетовпен кездесті, деп Акордаға сілтеме жасай отырып, Tengrinews.kz хабарлайды.
Кездесу барысында И. Бейсембетов қолданбалы ғылыми жобаларды жүзеге асыру жолдары туралы және әлемдік үрдістерді ескере отырып, білім беру сапасын арттыру жолдары туралы айтып берді. Сондай-ақ университеттің ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері мен алдағы даму үрдісі жөніндегі ақпарат Елбасы назарына ұсынылды.
Отандық жоғары білім беру саласында университеттің алатын ерекше орны туралы айта келе, Нұрсұлтан Назарбаев жоғары білікті мамандарды индустриализациялау бағдарламасының талаптарына сай етіп даярлаудың маңызы жөнінде де атап өтті.
«Сәтбаев атындағы ұлттық техникалық университет елімізде инженер мамандарды даярлайтын ең ірі жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. Оның қарыштап дамуына біз барлық күшімізді салудамыз. Сондықтан да оған автономия берілген, оның үстіне бүгінгі күні оқу орны зерттеу университеті атанып отыр», – деді Қазақстан Президенті.