Сәтбаев Университетінің студенттері «Байқоңыр» ғарыш айлағында өз мамандықтарын меңгеруде
Сәтбаев Университетінің «Ғарыштық техника және технологиялар» білім беру бағдарламасы «Электроника, телекоммуникация және ғарыштық технологиялар» кафедрасының студенттері әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының бірі – «Байқоңыр» ғарыш айлағында өткен оқу тәжірибесін сәтті аяқтады. Бұл практикалық оқу оларға кәсіби тұрғыда дамуда маңызды қадам болды және ғарыш саласының нақты жағдайымен, сондай-ақ қыр-сырымен танысуға тамаша мүмкіндік берді.
Бағдарламаның жетекшісі – Сәтбаев Университетінің магистранты, «Ғарыштық техника және технологиялар» бағдарламасы бойынша үздік студент, университеттің ғылыми жұмысына белсене қатысатын және Scopus деректер базасында ғылыми мақалаларын шығарып үлгерген Бейбарыс Секенов болды. Ол – «Құрама темірбетон бұйымдарына арналған талшықты-оптикалық сенсорды зерттеу» жобасы бойынша жұмыс істейтін зерттеу тобының мүшесі және жыл сайынғы «Kazsmartspace» халықаралық байқауларының негізгі ұйымдастырушыларының бірі.
Әртүрлі техникалық және инженерлік мамандықтардың студенттері осы практикалық оқу барысында ғарыш аппараттарын ұшуға дайындау және оларды ұшыру процестерімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды. Практика теориялық сабақтарды, ғарыш айлағының негізгі нысандарына экскурсия жасау, сондай-ақ зымыран тасығышты ұшыруға дайындық жұмыстарына тікелей қатысу амалдарын қамтыды.
Бейбарыс Секенов былай деп атап өтті:
– «Байқоңыр» ғарыш айлағында тағылымдамадан өту студенттерге баға жетпес тәжірибе мен білім береді, мұндай терең білімді студенттер университет аудиторияларында ала алмайды. Біз студенттердің осындай ауқымды жобаларға қатысуға мүмкіндік алғанын мақтан тұтамыз.
Тәжірибелік оқу барысында студенттер өте сирек болатын оқиғаға қатысты – 30 мамыр күні «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы 31-ші ұшыру кешенінен зымыран тасығыш ұшырылды, ол Жер бетін көрінетін және жақын инфрақызыл диапазондарда бақылауға арналған ғарыш аппаратын орбитаға шығарды. Зымыран тасығышқа ғарыш кеңістігіне алғаш рет шыққан космонавт – Алексей Леоновтың туғанына 90 жыл толуына, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің 300 жылдығына және Ресей студенттік қозғалысының 65 жылдығына арналған суреттер ілінді.
Бұл 2024 жылы ресейлік зымыран тасығыштың сегізінші рет ұшырылуы, оның ішінде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан төртінші рет ұшырылып отыр. Ал студенттер үшін тамаша тәжірибе болды, олар практикалық оқудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, осындай мүмкіндік бергені үшін университет басшылығына алғыс білдірді. Практикадан өткен 1-курс студенті Ақмарал Жанұзақ өз әсерімен бөлісті:
– Ғарыш аппаратын ұшыруға дайындықты жақын жерден көруге керемет мүмкіндік алдық. Біз көптеген жаңа нәрселермен таныстық және алған білімімізді іс жүзінде қолдана білдік. Бұл практика маған өз білімімді ғарыштық технология саласында одан әрі дамытуға шабыт берді.
Сәтбаев Университеті «Байқоңыр» ғарыш айлағының басшылығына және осы практикаға қолдау көрсеткен және оны ұйымдастыруға атсалысқан жандардың барлығына ынтымақтастық қарым-қатынас үшін алғыс білдіреді. Университет студенттерге кәсіби тұрғыда өсу мен дамуға көбірек мүмкіндіктер бере отырып, практикалық оқу бағдарламасын одан әрі жалғастыруды және оны кеңейтуді жоспарлап отыр.