Сәтбаев университетінің студенттері NFC-модульді сымсыз зарядканың прототипін жасады
Қазақстандық жас өнертапқыштар командасы NFC-модульді сымсыз зарядканың жұмыс прототипін жасады, – деп жазады Forbes.
Құрамында Тимур Рыспеков пен Владислав Полонский бар команда бұған дейін NASA Space Apps Challenge байқауының «Бағдарламалық құралды дұрыс пайдалану» категориясы бойынша бірінші орын алған болатын. Қазақстандық команда вулкандар мен астероидтардың мәліметтерін талдауға арналған жұмыстарды ұсынған еді. Оның шешімі кездейсоқ сандардың кванттық генераторында сақталады да, оның көмегімен NASA-дан түскен деректерді талдауға болады және алдағы уақытта болуы мүмкін деген апаттарды болжап, олардың алдын алу үшін әртүрлі симуляция жүргізуге болады. Бұған қоса, қазақстандық команда вулкандардың немесе астероидтардың жанында жүріп, деректерді жинай алатын роботпен таныстырды.
Дәл осы технология жас өнертапқыштар командасының тағы да бір жаңалықтарының негізіне алынды. Бұл – бір мезгілде бірнеше құрылғыны бірден зарядтай алатын NFC-модульді сымсыз зарядка. Қазіргі кезде оның жұмыс прототипі толықтай жасалып бітті, корпусы арнайы сақтандырғыш контейнерде орналасқан. Оның көрінісі мынадай: 5 гаджетті еркін түрде бірден орналастыруға болатын кішігірім кілемге ұқсайды. Кездейсоқ сандардың кванттық генераторында жұмыс жасайтын жасанды интеллект кілемнің бетіндегі кез келген нүктесінде индукциялық өрістерді қосуға және осы нүктеде жатқан гаджетті зарядтауға мүмкіндік береді. Суыту жүйесі де белгілі нүктелерге жылу беріп, осындай үлгімен жұмыс істейді. Оның үстіне, Тимурдың сөзінше, бұл жүйелердің дұрыс жұмыс істеуі үшін оқуға арналған базалық мәліметтер қажет емес, құрылғы «коробкадан» тікелей жұмыс істейтін болады.
Құрылғының ең басты ерекшелігі – онда NFC-чиптің бар болуы, ол смартфон қолданушылардың қосымшаларын анықтау үшін және зарядканың ішінде болатын микроконтроллер арқылы ақпарат алмасу үшін қолданылады. Зарядталатын гаджетке орнатылған қосымша NFC арқылы микроконтроллермен байланысады, бұл өз кезегінде құрылғыны идентификациялауға және индукциялық өрістің оңтайлы параметрлерін таңдап алуға мүмкіндік береді. Мұндай күрделі шешімді тіпті Apple инженерлері де шеше алмаған еді. Өндірушілердің ойынша, бұл тұтастай сымсыз құрылғылардың тұжырымдамасын іске асыру жолындағы тағы бір шешуші қадам болып табылады. Өйткені сымсыз ақпарат алуды жөнге келтіру үшін NFC көмегімен бастапқы ақпаратты жіберуге болады, нәтижесінде Wi-Fi немесе сол NFC арқылы деректерді жіберуге мүмкіндік туады.
Владислав Полонский – робототехника жөніндегі республикалық олимпиаданың (Robocon-2016) жеңімпазы, RobotChallenge 2017 жарысына Қазақстан атынан қатысқан. Microsoft Imagine Cup Central Asia байқауының жеңімпазы. Владислав Алматы қаласы М. Маметова атындағы № 28 мектеп-лицейді бітірген. Қазір Сәтбаев университетінде «Геоинформатика» мамандығы бойынша жоғары білім алуда.
Тимур Рыспеков – Нью-Йоркте өткен Worldwide Legal Hackathon байқауының, Canada Mining Innovation Hackathon жарысының жүлдегері. Информатика, ғылыми-техникалық шығармашылық және робототехника жөніндегі халықаралық және республикалық байқаулар мен олимпиадалардың бірнеше дүркін чемпионы атанған. Атап айтқанда, Алматы қаласы әкімінің кубогы, НАТР ұйымдастырған үздік инновациялар байқауының (1-орын) және Skolkovo Startup Challenge байқауының жеңімпазы, Microsoft Imagine Cup Central Asia байқауының жүлдегері. Алматы қаласындағы М.Маметова атындағы № 28 мектеп-лицейді бітірген. Қазір Массачусетс технологиялық институтында компьютерлік жоғары білім алуда.