Сәтбаев Университетінің студенттері «Теңізшевройл» компаниясы хакатонында жеңіске жетті
Өткен аптада Алматы қаласында «Теңізшевройл» компаниясы ұйымдастырған хакатон өз мәресіне жетті. Финалға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген IT мамандардан құралған 27-ден астам команда қатысты, десе де біздің студенттер бәсекелі күресте жеңіске жетіп, хакатонның бас жүлдесі – IT-әзірлемесін даярлау жөнінде «Теңізшевройл» компаниясының келісімшартын жеңіп алды.
«Теңізшевройл» компаниясы хакатон өткізетіні жөнінде мамыр айының басында жариялаған болатын, бұл компания тарихында сыртта өткізілген бірінші хакатон болды. Қатысушылардың алдына қойылған міндет – мұнай-газ саласын цифрландырудың оңтайлы жолын табу. Командаларға нақты бизнес-процесті автоматтандыру туралы бір тапсырма берілді. Олар үш апта бойы жұмыс істеп, жарыстың үш кезеңінен де өтті.
«Біз басқа командалардың жұмыстарымен таныстық. Олар бәсекеге қабілетті өте күшті командалар, әрі шешімдері де күшті. Бұл жұмыстардың барлығы отандық компаниялардың әзірлемелері екені қатты қуантады», – деді ЦTжTИ директоры Ержан Наурызбаев.
Дегенмен Сәтбаев Университетінің командасы ең мықты болып шықты. Таныстырылымдардың бірінші турынан кейін ЦTжTИ-ның Polytech командасы алғашқы ондыққа, содан кейін үздік бестікке кірді, сөйтіп ең соңында жеңіске жетті!
Бас жүлдені Polytech командасына «Теңізшевройл» компаниясының топ-менеджерлері мен ҚР энергетика вице-министрі Жанат Жахметова табыс етті.
Polytech командасын жеңісімен құттықтаймыз!