Сәтбаев университетінің студенттеріне инженерлік дизайн бойынша қазақ тіліндегі 500 кітап сыйға тартылды

Әлемге танымал инженерлік дизайн туралы еңбек алғаш рет мемлекеттік тілде білім алатын студенттерге қолжетімді болды. Сәтбаев университетінде қазақ тілінде «Discovering Engineering Design in the 21st Century» («XXI ғасырдағы инженерлік дизайн: жаңа көкжиектерді бағындыру») атты кітабының 500 данасы салтанатты түрде табыс етілді.
Аталмыш кітап инженерлік дизайнды тек формулалар арқылы ғана емес, нақты тапсырмалар мен тәжірибе арқылы да түсіндіруімен танымал. Ол стандарттан тыс шешімдерді табуға үйретіп, инженерлік мамандықты кеңірек қарастыруға мүмкіндік береді.
«Бұл жай ғана сыйлық емес. Бұл – бизнес пен білім беру саласының бірлесіп жұмыс істеуінің жарқын үлгісі. Бизнес өз ресурстарымен бөліссе, университет білімімен бөліседі. Осылайша олар бірігіп, болашақ инженерлер үздік тәжірибелер арқылы үйренуіне жағдай жасайды», – деп атап өтті Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев.
Кітаптың аудармасы Mentor Baspasy мен National Geographic Qazaqstan қолдауымен дайындалды. Ал баспа тиражын университетке QSM Resources компаниясының бас директоры Роман Абенов сыйға тартты. Ол биыл Сәтбаев университетінде жоғары басқару тәжірибесі бар басшылар мен мамандарға арналған Executive MBA бағдарламасын аяқтаған болатын.
«Біздің студенттер алдыңғы қатарлы жоғары білімді өз ана тілдерінде меңгеріп шығуы – мен үшін өте маңызды. Бұл – инженерлердің болашақ буынына қосқан менің үлесім», – деді Роман Абенов.
Ғылым мен инженерлік білімнің қазақ тілінде дамуы ұлттық инженерлік мектептің нығаюына септігін тигізеді. Бұл – жаңа Сәтбаевтарды – жас ғалымдар мен инженерлер буынын тәрбиелеп шығаратын іргетас. Олар Қазақстанды жаңа даму жолына көтеруге қабілетті болары сөзсіз.