28 қыркүйек 2022 2658

Сәтбаев Университетінің ұжымы Герой Жолтаевты туған күнімен құттықтайды!

Сәтбаев Университетінің ұжымы Герой Жолтаевты туған күнімен құттықтайды!

Сәтбаев Университетінің ұжымы «Мұнай және газ геологиясы» кафедрасының профессоры Жолтаев Герой Жолтайұлын туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ өмір, таусылмас қуат және шығармашылық табыс тілейді!

Герой Жолтаев – Қазақстанға еңбек сіңірген ұлағатты ұстаз және ғалым, қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, Халықаралық инженерлік академияның, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының және Ұлттық инженерлік академияның академигі, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласы бойынша Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстан Республикасы жер қойнауының құрметті барлаушысы».

Сәтбаев Университетінің (ол кездегі В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының) түлегі Герой Жолтаев 60 жылға жуық уақыт бойы өзі оқыған жоғары оқу орнында бірқатар жауапты қызметтерді, соның ішінде ғылыми жұмыстар мен халықаралық қатынастар жөніндегі проректорлық қызметтерді атқарды.

Ол Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына орасан зор үлес қосты. Оның бастамасымен мұнай және газ құбырларын жобалау және пайдалану, мұнай және газ кен орындарының машиналары мен жабдықтары бойынша жаңа мамандықтар ашылды және оқу үдерісін әдістемелік қамтамасыз ету деңгейі айтарлықтай көтерілді, факультет жанынан жоғары білікті мамандарды даярлау курсын ұйымдастырылды.

Профессор Г. Жолтаевтың республикалық ғылымды дамытуға сіңірген зор еңбектерінің бірі – жас геологтардың ғылыми мектебін құруы. Ол мектептер қазір ТМД елдерінде, Кубада, Алжирде, Тунисте, Анголада, Мавританияда, Вьетнамда, Лаоста, Колумбияда, Үндістанда, Мароккода, Эфиопия, Йемен, Палестина, Израиль және әлемнің басқа да елдерінде жемісті де нәтижелі еңбек етуде. Ол дайындаған докторанттар мен аспиранттар тек Ресей университеттерінде ғана емес, сонымен қатар Франция, Жапония, Германия, АҚШ-тың университеттерінде бірлескен ғылыми жұмыстар жүргізуде.

Герой Жолтаев – «Қазақстанның мұнай-газ аймақтарының геологиясы» курсы бойынша 210-нан астам ғылыми еңбектің, 4 монографияның, 30 әдістемелік нұсқаулықтың, 5 оқу-әдістемелік құралдың авторы. Герой Жолтайұлының ерен еңбегі көптеген салалық, мемлекеттік наградалармен және құрметті атақтармен бағаланып, ол «Құрмет» орденімен және «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Герой Жолтайұлы! Сізді туған күніңізбен шын жүректен құттықтай отырып, Сізге зор денсаулық, отбасына аманшылық пен береке-бірлік тілейміз! Алға қойған мақсаттарыңыз таусылмасын, әлі де биік шыңдарды бағындыра беріңіз!

Сәтбаев Университетінің ұжымы

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту