Сәтбаев Университетінің жас ғалымдары жасаған әзірлемені Қазақстан фермерлері іске қосты
Сәтбаев Университетінің жас ғалымдары Қазақстанда жерді суару мәселесімен күресудің жолын тапты. Бұл мәселені оңтайлы шешу Қазақстан үшін өте маңызды, өйткені ол азық-түлік қауіпсіздігіне әсер ететін топырақ ресурстары мен климаттың өзгеруіне тікелей байланысты.
Осы мәселені шешуге үлес қосу үшін, Сәтбаев Университетінің ғалымдары мелиоратор Виталий Кулагин мен гидрогеолог Аида Исмағұлованың жетекшілігімен ресурс үнемдейтін технология әзірлеп шығарды, бұл әдіс жайылымдар мен жер ресурстарын сақтауға көмектеседі. Сондай-ақ ғалымдар Алматы облысындағы жайылымдық жерлерді ойдағыдай пайдаланып жүрген шаруаларға өз ұсыныстарын айтты.
Бұл жоба «Жайылым – Еңбекшіқазақ ауданындағы жайылымдарды тұрақты пайдаланудағы жан-жақты серіктестік және инновациялар» бастамасының бір бөлігі болып табылады. Жоба Еуропалық одақ тарапынан қаржыландырылған және жайылымдар мен су ресурстарын қалпына келтіруге бағытталған. Жобаны Еңбекшіқазақ ауданының ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілері мен кәсіпкерлерінің «ОДАҚ» қауымдастығы да қолдап отыр, оны Звойда Оразбақова басқарады.
Жерді суаруды жақсарту үшін ғалымдар маневрлі сорғыш қондырғысын пайдаланады, ол жайылымдарды оазистік суарудың стандартты емес көздері негізінде жұмыс істейді. Ұсыныстарды әзірлеу кезінде олар «Дала күні» тренингіне қатысушылардың ұсыныстары мен ескертулерін назарға алды, тренинг барысында ғалымдар тәжірибешілермен бірге Еңбекшіқазақ ауданы Бәйтерек ауылдық округінің жайылымдық алқаптарында сорғыш техникасын көрсетіп, сынақтан өткізді.
Жас инноваторлардың ойынша, олардың әзірлемелерін кеңінен қолдану Қазақстанның қуаңшылық аймақтарындағы су тапшылығына байланысты тәуекелдерді тұрақты түрде басқарып отыруға, мал шаруашылығының мүмкіндіктерін жақсартуға және дәнді дақылдардың үлгілі жайылымдарын ашуға үлес қосады.