Satbayev University балалардың дұрыс тамақтану мәдениетін ілгерілетеді

Satbayev University-де мектептер мен балабақшаларда дұрыс тамақтануды ұйымдастыру бойынша тәжірибелік семинар өтті. Спикер – 15 жылдан астам тәжірибесі бар дипломды нутрициолог Альмира Орлова.
Семинарға жеке білім беру ұйымдарының иелері мен құрылтайшылары, тамақтануды ұйымдастыруға жауапты мемлекеттік мектеп өкілдері, сондай-ақ кейтеринг компаниялары қатысты. Мұндай формат дұрыс тамақтануды ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін кешенді талқылауға және практикалық шешімдермен алмасуға мүмкіндік берді.
Семинарда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап күшіне енген жаңа тамақтану стандарттарына ерекше назар аударылды. Осы стандарттарға сәйкес мектептер мен балабақшалардағы тамақтанудың сапасын бақылау күшейтіледі. Балалардың рационында қант пен тұз мөлшері қысқартылуы тиіс, мәзірден фастфуд, газдалған сусындар және зиянды ингредиенттері жоғары өнімдер алынып тасталады. Бұл шаралар дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыруға және балалардағы созылмалы аурулар қаупін төмендетуге бағытталған.
ДДҰ деректері бойынша, Қазақстандағы балалардың артық салмақ мәселесі барған сайын өзекті болуда. Қазіргі таңда әрбір бесінші оқушы артық салмаққа ие, ал 2030 жылға қарай сарапшылардың болжамы бойынша әрбір екінші бала семіздікке шалдығуы мүмкін. Семинарға қатысушылар бұл мәселені жергілікті деңгейде қалай шешуге болатынын, білім беру ұйымдарының балалар мен жастарда дұрыс дағдыларды қалыптастыратын ортаға айналу жолдарын талқылады.
Satbayev University ТДМ жобалық офисінің жетекшісі Алия Жаксалыкова дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастырудың медициналық қана емес, әлеуметтік басымдық екенін атап өтті:
«Дұрыс тамақтану – бұл шектеу емес, болашаққа инвестиция. Балаларымызға, студенттерімізге тамаққа дұрыс көзқарасты неғұрлым ертерек сіңірсек, соғұрлым жас ұрпақтың денсаулығы мықты болады», — деді ол.
Мұндай іс-шараларды өткізу Satbayev University-дің тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету стратегиясын көрсетеді. Кампус ішіндегі тамақтану нүктелері студенттерді пайдалы, теңгерімді тағаммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Балалар мен студенттердің денсаулығына қамқорлық жаһандық басымдықтармен тікелей байланысты – кез келген жаста баршаға салауатты өмір салты мен әл-ауқатты қамтамасыз ету.