30 сәуір 2019 4929

Satbayev University-дегі ағылшын тілі мерекесі

Satbayev University-дегі ағылшын тілі мерекесі

Сәтбаев университеті Ақжан Машани атындағы Базалық білім беру институтының ағылшын тілі кафедрасы жыл сайын «English week» мәдени-білім беру апталығын өткізеді. Биылғы жылы бұл іс-шара Қ.И. Сәтбаевтың 120 жылдығы мен Сәтбаев университетінің 85 жылдығына орай 15–19 сәуір аралығында өтті.

Іс-шараның ашылу салтанатында студенттер мен оқытушылар кафедра меңгерушісі А.О.Тұрлыбековамен бірге құрметті қонақтарды қарсы алды. Олар – аталмыш іс-шараның ашылу салтанатында ағылшын тілінде сөз бастаған академиялық жұмыстар жөніндегі проректор Р.М. Искаков, ғылыми білім беру саласының проректоры Д.К.Наурызбаева, ИБО директоры А.С. Саренова, инженерлік физика кафедрасының меңгерушісі Р.Е. Бейсенов және «Alpha Academy»  директоры Бақнұр Зиябеков. Жиын университеттің көңілді, заманауи бағыттағы вокалды-аспаптық тобының сүйемелдеуімен әдемі әуенмен әрленіп отырды.

Іс-шараның ресми ашылу салтанатынан кейін «The best red carpet look» фотобайқауы өткізілді.

Дәстүр бойынша екінші жыл қатарынан кафедраның ұйытқы болуымен өткізіліп келе жатқан жәрмеңкелік «Red Nose Day» – «Do something funny for money» «Charity fair» қайырымдылық шаралары да ұйымдастырылды. Ол жерде ағылшын тілі кафедрасы қызметкерлерінің қолдан пісірген түрлі тәтті тоқаштары мен бәліштері төменгі бағада сатылды. Биыл осы қайырымдылық шарасынан түскен 180 мың теңге көлеміндегі қаржы ЦНС, ДЦП ауруына шалдыққан екі жасар бүлдіршін Жанахмет Батырханның еміне аударылды.

Әр кеш сайын университеттің конференц-залында театрландырылған қойылымдар да қойылды. Оған 260-қа жуық студент қатысып, актерлік қабілеттерімен қатар, ағылшын тіліндегі білімдерін де көрсетті. Өйткені онда ағылшын әдебиетіндегі классикалық туындылар сахналанды. Іс-шара соңында студенттер актерлік шеберліктері мен тілдік білімдеріне қарай, ең әдемі қойылымға сай костюмдері үшін түрлі номинацияларда сыйлықтармен марапатталды.   

Апталықтың үшінші күні биыл бірінші мәрте өткізіліп отырған «Reading fair project» мәнерлеп оқу сайысымен есте қалды. Оған 23 студент қатысты. Бұл жобаның мақсаты студенттердің ойлау қабілетін дамытып, олардың ағылшын және америкалық жазушылардың шығармашылығын оқуға деген қызығушылығын арттыру болатын. Сондай-ақ студенттер Джек Лондон, Френсис Скотт Фицджеральд, Рэй Бредбери, У. Шекспир, Ш. Бронте, Льюис Кэрролл сынды авторлардың туындыларын өз қолдарымен салып, суретшілік қабілеттерін де көрсетті. Әр топтың студенттері өздерінің жобаларын, жазушылардың шығармашылығы мен өздері салған туындыны ағылшын тілінде айтып берді.

Ағылшын тілі апталығы аясында ең маңызды жобалардың бірі – университетіміздің қабырғасында керемет дәстүрге айналған «I AM THE NEXT SATBAYEV» жобасы. Биылғы жылы 12 сәуірде көрнекті геолог, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай университет үшін мерейтойлық жыл болғандықтан, бұл өте маңызды жоба.

«A three-minute film» жобасына 8 студент қатысты. Олар өздерін толғандырып жүрген жастардың өзара қарым-қатынасы, студенттік өмір, адалдық пен зұлымдық, қайырымдылық көрсету секілді мәселелер бойынша ағылшын тілінде ойларымен бөлісті. «English week» іс-шарасын ұйымдастырушылар студенттердің ой-өрісін дамытып, ағылшын тіліндегі білімдерін ұштайтын ойындар ұйымдастырды және апталықты сайыс ойыны түрінде өткізуді де ұмытқан жоқ. Бұл мақсатта «Treasure Hunting» және «Мафия» ойын квесттері ұйымдастырылды.

«Satbayev talks» – шетелдік университетте оқып бітірген және шетелде тағылымдамадан өткен студенттердің біздің университет оқытушыларымен кездесуге арналған кафедраның жаңа жобаларының бірі болып табылады.

Аталмыш іс-шарада шетелде оқып жүрген студенттер, шетелдік ЖОО-дағы қызықты студенттік өмірлері туралы, олардың алдында ашылған перспективалар туралы және өздерінің  тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ шақырылған қонақ Узурова Наиля Шаукатовна – «InterPress» компаниясының директоры, «Қазақстандық студенттер үшін коммерциялық емес шетелдік білім бағдарламаларына шолу» тақырыбында презентация өткізді.

Қызықты да көңілді «English week» апталығының жабылу салтанаты да ерекше өтті. Ағылшын тіліндегі «Satbayev`s stars» караоке ән байқауы апталықтың ажарын аша түсті. Университет оқытушылары мен студенттері арасындағы ағылшын тілінде ән айту – әуенді баттл, құттықтау сертификаттарын табыстау мен естелік сыйлықтар апта бойына созылған іс-шараны әдемі қорытындылады.

Іс-шараға қатысушыларға демушілік көрсеткен  «Sulpak»,» Interpress», «Macmillan», «Cambridge Press», «Aquamira», «Time» рестобары мен «Ухо и Медведь» караоке клубтарына ұйымдастырушылар өз алғыстарын білдірді.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту