Ақпарат:

24 қаңтар 2019 6282

Satbayev University студенттері «Жастар жылының» ашылу салтанатын тікелей эфирден тамашалады

Satbayev University студенттері «Жастар жылының» ашылу салтанатын тікелей эфирден тамашалады

2019 жылғы 23 қаңтар күні  Астанада «Нұр әлем» павильонында  («EXPO-2017»  көрме кешені)  Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Тәуелсіздіктің ұрпақтары»  атауымен  Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Университет акт залына «Жастар жылының» ашылу салтанатын тікелей эфирден көруге жиналған 400-ден аса студент іс-шараның басынан WhatsApp аватаркаларын Жастар жылының логотипіне ауыстыра бастады.

Ауқымды іс-шараға Үкімет мүшелері, депутаттар,  жергілікті атқарушы органдар  басшылары,  Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары,  «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар, шығармашылық, студенттік және жұмысшы жастар өкілдерінің, жас спортшылар, дарынды балалар, заманауи медиа саласының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері мен түлектері, ерекше қажеттіліктері бар жастар, жас әскери қызметкерлер және т.б. қатысты.

«Қазіргі қазақстандық жаңа, жас ұрпақ – Қазақстанның қол жеткізген ең басты жетістігі, менің мемлекеттік басшысы ретінде талай жыл қызмет еткен еңбегімнің жемісі деп білемін. Мен бүгін сіздермен кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын және Қазақстанда Жастар жылының басталуымен сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Әрине, Қазақстанның болашағы сіздерге, сіздердің патриоттық рухтарыңызға, алған білімдеріңізге, тіпті сіздердің энергияларыңызға тікелей байланысты. Мен мұны Қазақстанның бүкіл жастарына айтып отырмын», – деді мемлекет басшысы елде Жастар жылының басталуына орай өткізілген «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты жиын барысында. «Біздің көз алдымызда жаңа заман – сандық технология заманы бой көтеріп келеді. Біздің кезімізде тіпті телевизор де болған жоқ, радио дегеннің өзі ауылды жерлерге толық жете қоймаған болатын. Қазір 10 жылдың ішінде бәрі өзгеріп, жаңарып шыға келеді. Сондықтан біздің елімізде де сол жаңалықтардан қалмай, заман талабына сай дамуы тиіс», – деп Елбасы атап өтті.

Жастар жылының ашылу салтанатында жас қазақстандықтар жүзеге асырған табысты жобалар мен жаңа өнімдердің таныстырылымы өтті. Спикерлер ретінде әртүрлі салалардағы жетістіктерге жеткен танымал кәсіпкерлер, стартаптар, волонтерлер, ауыл шаруашылығы саласындағы жас мамандар мен ғылым және әдебиеттің жас өкілдері баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Отырыс соңында Елбасымыз Н. Назарбаев жастарға тарихты білуге, онымен мақтануға және қасиетті жерлерді аралап, туризмді дамытуға үлес қосуды сұрады. Барлығымыздың бір ғана отанымыз – Қазақстан екенін, бір ғана мүдде, ол – тәуелсіздігімізді сақтау екенін және жастардың болашағы мемлекеттің болашағы екенін айтып, жастарға берген ақ батасымен ресми шараны аяқтады.

Satbayev University студенттері Елбасын зор ынтамен тыңдап, әр сөзіне зер салды. Себебі форумда айтылған әрбір өзгеріс әрқайсысына қатысты болды. Ал тікелей эфир соңында әлеуметтік желілерде форуммен бөлісіп, жастар өз ойлары мен идеяларын жарыса айта түсті.

Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту