Satbayev University және ШОС-CECC бірлескен цифрлық бастамаларды іске қосу жөнінде уағдаласты

Satbayev University қабырғасында ШОС-CECC цифрлық технологиялардың ұлттық платформасының Жұмыс комитеті делегациясымен (төрағасы — Луо Мучжи) жұмыс кездесу өтті. Тараптар киберқауіпсіздік, басқарылатын және ақауға төзімді дерекқорды басқару жүйелері, сондай-ақ өнеркәсіптік мониторинг бағыттарында ынтымақтастықты, кадрлар даярлау мен академиялық алмасуларды талқылады.
ШОС-CECC Жұмыс комитеті Қытайдың электрондық өнеркәсіп палатасы (China Electronics Chamber of Commerce, CECC) экожүйесінде жұмыс істейді және цифрлық экономиканы ілгерілету мен стандарттауды қамтамасыз ету үшін салалық компаниялар мен ғылыми-білім беру ұйымдарын біріктіреді. Кездесуде мына технологиялық серіктестер таныстырылды: GreatDB (басқарылатын және ақауға төзімді ДББЖ шешімдері), Yinxin Digital Security (коммерциялық криптографиялық өнімдер және киберқауіпсіздік платформалары), Xingbang Pipeline/XBPP (құбыр желілеріндегі ағып кетулер мен аномалияларды үздіксіз бақылаудың талшықты-оптикалық жүйелері).
Satbayev University-дің инженерлік мектебі мен ҒЗТКЖ/коммерцияландыру инфрақұрылымын ескере отырып, зерттеулер мен пилоттық сынақтарды жүзеге асыратын SU-CECC бірлескен қолданбалы зертханасын құру ұсынылды. Сондай-ақ тілдік даярлықпен (қытай және ағылшын) сүйемелденетін білім беру тректері және ҚХР кәсіпорындарында тағылымдамалар қаралды.
Кездесу қорытындысында тараптар бірлескен жол картасын қалыптастыру, пилоттық алаңдарды айқындау және зертханалық әрі білім беру бағыттары бойынша келісімдерді әзірлеуге келісті.
Ынтымақтастықтың мақсаты — технология трансферін жеделдету, деректердің сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру және Қазақстан мен ШОС елдерінің басым салаларына мамандар даярлау.