Satbayev University және Women in Tech Kazakhstan ұйымы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

Satbayev University базасында Women in Tech Kazakhstan қоғамдық қорымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Келісімнің негізгі мақсаты — гендерлік теңдік, инклюзивтілік және тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету, сондай-ақ әйелдердің ғылым, технология, инженерия және инновациялар салаларындағы қатысуын кеңейту бағытында бірлескен жұмысты жүзеге асыру.
Ынтымақтастық аясында Тұрақты даму мақсаттарын (SDG) білім беру және ғылыми-зерттеу қызметіне енгізу, конференциялар, семинарлар, тренингтер мен кәсіби бағдар беру бағдарламаларын өткізу, менторлық және мансаптық бастамаларды әзірлеу, сондай-ақ көшбасшылық пен кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған ғылыми-зерттеу және білім беру жобаларын жүзеге асыру көзделген. Сонымен қатар стартаптарды, инкубациялық және акселерациялық бағдарламаларды қолдауға, ESG қағидаттары мен цифрлық трансформация негізінде технологиялық және әлеуметтік бастамаларды дамытуға ерекше назар аударылады.
Women in Tech Kazakhstan ұйымымен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруда Satbayev University негізгі алаңға айналып, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға тәжірибеге бағытталған жобаларға, тағылымдамалар мен кәсіби өсу бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін ұсынады.
Меморандумға қол қою рәсімі университет пен инклюзивті және тұрақты даму тәжірибелерін ілгерілететін ұйымдар арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңін айқындады.