Мутанов Ғалым
ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ректоры
Мен мұғалімдер отбасында дүниеге келдім. Ауылдық жердегі қарапайым мектепте оқыдым. Оны бітіргеннен кейін 1974 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына (қазіргі Сәтбаев университеті) Автоматика және есептеу техникасы факультетіне оқуға түстім. Менің таңдауым кездейсоқ болған жоқ – «аты аңызға айналған Политех» аталған институт елде техникалық мамандарды даярлау жөніндегі танымал бренд болды. Ол кезде жастар арасында инженер мамандықтары өте беделді саналатын. Кибернетика, өнеркәсіпті автоматтандыру, есептеу техникалары сол кездің негізгі мамандықтары болды.
Әрине, оқу оңай болған жоқ. Бастапқы кезде сызу геометриясы қиындау болды.
Мектепте біздің сынып жетекшіміз математика пәнінің мұғалімі болған еді және осы пәнге ерекше назар аударатын. Бұл менің болашақта математикалық модельдеу мен басқару жүйелеріне деген ғылыми қызығушылығымды оятқан болатын. Біз көптеген арнайы пәндерді оқыдық, әсіресе өзім таңдаған мамандығымның негізін құрайтын автоматты басқару және телемеханика теориясын ерекше атап өткім келеді. Дипломдық жұмысым плазмалық кесуді автоматты басқару жүйесін құрумен байланысты болды, ал ғылыми жетекшім осы саладағы белгілі ғалым Ю.Малахов болды.
Бізге ғылымның негіздерін меңгеруге өз білімдері мен жан дүниесін салған ұстаздарымды жылы сезіммен еске аламын. Олардың арасында танымал ғалымдар: Әбдіжаппар Әшімов, Нариман Қожасбаев, Ұлықпан Сыдықов, Дастан Сыздықов, Валерий Магомаев, Юрий Малахов және басқалары бар.
Студенттік жылдар – бұл әр адамның өміріндегі ең қызық және ұмытылмас кезең. Біз осындай беделді институтта оқитынымызға мақтанатынбыз, біздің студенттік өміріміз өте қызықты өтті және неше түрлі оқиғаларға толы болатын. Оқу мен қоғамдық жұмыстардан басқа ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналыстым, спортпен шұғылданып, жоғары нәтижелерге қол жеткіздім, дзюдодан КСРО спорт шебері атандым.
Satbayev University маған өмірге жолдама берді.
Университет мен үшін дүниетаным негізі, алдағы мақсаттарым мен басымдықтарды айқындау уақыты және кәсіби тұрғыда әрі қарай өсу жолымның негізі болды. Ол маған өмірге жолдама берді. Бұл үшін мен, әрине, өзім оқыған оқу орнына өте ризамын. Мақсаттылық пен еңбексүйгіштікті, жаңашылдықты қабылдау қабілетін, ойлаудың ерекшелігін, жауапкершілікті, ұжымда жұмыс істей білу және бір-біріне өзара көмектесу–міне, осы және басқа да қасиеттерді жоғары нәтижеге қол жеткізгісі келетін, өз халқы мен еліне пайдалы болғысы келетін студенттер өз бойларына дарытулары керек. Сонымен қатар спортпен шұғылдану да адам бойындағы өзін-өзі тәрбиелеу қабілетін, төзімділігін арттырады, мінез-құлықты жақсартып, әрі қарай дамуға ынталандырады.
Мен ғылыми-педагогикалық қызметімді Рудный қаласындағы Индустриалдық институттың өндірістік процестерді автоматтандыру бөлімінде жалғастырдым, мен мұнда оқу бітіргеннен кейін жіберілген болатынмын. Мұғалім болып қызмет ету оңай емес, әрине, бірақ қызықты. Ол үнемі дайындықты және білім деңгейін жетілдіруді, жаңа бір нәрсені іздеп, жаңалықтар ашуды, аудиторияны өзіне бағындыра білуді және тағы басқа да қасиеттерді талап етеді. Сондықтан да Политехта алған білімім мен жиған біліктілігім өмірде маған көп көмектесті.
Индустриалды институтта мен алғашқы практикалық тәжірибелер жинақтадым, ғылыммен айналысуды жалғастырдым. Қол жеткізген жетістіктермен тоқтап қалуға болмайтындығын түсіндім. Сондықтан одан әрі оқуға, ізденуге деген үлкен талпынысым болды. Сөйтіп, ғылыми зерттеулерім мені Мәскеуге алып келді: алдымен Мәскеудегі болат және қорытпалар институтының түсті және сирек металдардың технологиялық процестерін автоматтандыру кафедрасында екі жылдық ғылыми тағылымдама, содан кейін Мәскеу мемлекеттік тау-кен университетінің автоматтандырылған басқару жүйелері кафедрасындағы аспирантура мен докторантура. Менің кандидаттық және докторлық диссертацияларым жасанды интеллект элементтерін қолдану арқылы технологиялық процесті басқаруды автоматтандыру теориясы мен практикасы тақырыбына арналды. Бұл күні бүгінгі дейін өзекті және келешегі зор тақырып болып отыр.
Менің ғылыми өмір жолым өте сәтті болды. Есімдері әлемге әйгілі ғалымдардың ғылыми мектебінен өттім, олар маған үлкен ғылымға жол ашты. Атап айтқанда, менің тәлімгерлерім болған – академиктер Иванов В.А., Ржевский В.В., Пучков Л.А., Горбатов В.А., Бахвалов Л.А., Мелкумов А.Г. және т.б. еді.
Еңбек жолымдағы менің барлық қызметім ғылыммен және жоғары білім беру жүйесімен байланысты. Докторантурадан кейін еліміздің бірнеше жоғары оқу орындарын басқардым, одан кейін бірінші вице-министр ретінде Қазақстанда жоғары білім беруді дамыту тұжырымдамасын қалыптастыру мен оны жүзеге асыру ісімен айналыстым. Ал бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығындамын.
Менің ғылыми өмір жолым өте сәтті болды. Есімдері әлемге әйгілі ғалымдардың ғылыми мектебінен өттім, олар маған үлкен ғылымға жол ашты.
Уақыттың тығыздығына қарамастан, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылдануды жалғастырамын. Ғылыми зерттеулердегі маңызды нәтижелердің бірі – жасанды интеллект пен сараптамалық жүйелерді қолдануға негізделген техникалық және әлеуметтік-экономикалық салаларды басқару жөніндегі ұлттық ғылыми мектепті құру болды. Математикалық модельдеу мен басқару саласындағы ғылыми зерттеулерімді қазақстандық және шетелдік ғалымдар, Нобель сыйлығының лауреаттары мойындап, қолдау көрсетті. Әлемдегі ең үлкен «Шпрингер» баспасы менің «Mathematical Methods and Models in Economic planning, Management and Budgeting» («Экономикалық жоспарлау, басқару және бюджеттеу саласындағы математикалық әдістер мен модельдер») атты кітабымды жарыққа шығарды.
Ғылыми жетістіктерім Франция, Польша, Италия, Корея Республикасы және басқа елдердің жоғары мемлекеттік марапаттарымен атап өтілді. Халықаралық жоғары атақтар мен марапаттарға ие болдым, оның ішінде Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі Ислам ұйымының (ISESCO) ғылым мен технологиялар саласы бойынша жоғары сыйлығы, бұл ислам әлемінде ең құрметті болып саналады, сонымен қатар М.Склодовская-Кюри (Польша), М. Ломоносов (Ресей) атындағы алтын медальдармен және т.б. марапатталдым.
Қазір мен педагогикалық қызметімді жалғастырудамын. Университетте сабақ беру – шығармашылық жағынан өте қызықты деп санаймын. Бұл біздің болашағымыз – жастар алдындағы үлкен жауапкершілік, олар тек жоғары білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар еліміздің және бүкіл әлемнің лайықты азаматтары бола білулері керек.
Бүгінгі таңда Сәтбаев университеті әлемдегі ең үздік 200 жоғары оқу орындарының қатарына кіру жөніндегі мемлекеттік маңызды тапсырманы орындау үстінде. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу, ғылым, білім және инновацияның интеграциясы бағытын ұстана отырып, университет ғаламдық ғылыми-білім беру кеңістігінде бәсекеге қабілеттілігін арттырып келеді.
Мен Қазақстандағы алғашқы техникалық университет – Сәтбаев университетінің мыңдаған оқытушылар қауымын, студенттері мен түлектерін мерейтойымен құттықтаймын! Қабырғасында өзім білім алған мәртебелі жоғары оқу орнына үлкен жетістіктер мен жаңа биіктерге жету жолында тек қана сәттілік тілеймін!