Надырбаев Акбатыр Алуадинұлы
Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі
Сонау 1975-1980 жылдары ҚазПТИ деп аталатын ҚазҰТЗУ-да оқыған кезімнен ең ыстық естеліктер қалды. Мен геологиялық барлау факультетінде «Геологиялық түсіру, пайдалы қазбалар кен орындарын іздестіру және барлау» мамандығы бойынша оқыдым. Бізді жоғары оқу орнымен және студенттік өмірдің негізгі бағыттарымен таныстырған бірінші курс студенттерінің алғашқы жиналысы әлі есімде. Арнайы пәндерді, әсіресе петрографияны, палеонтологияны меңгеру оңай болмады. Сонымен қатар, кеңестік білім беру жүйесінде студенттер игерген теориялық білімдерін бекіту үшін өндірістік тәжірибеден өткізу көзделетін. Алғашқы геодезиялық тәжірибені Алматыда өттім. Кейінірек біз геологиялық тәжірибеге Шолақ тауларына, сондай-ақ басқа аймақтарға шықтық. Біз геологиялық тәжірибеде маршруттарға шығатынбыз, тас жыныстарын анықтайтынбыз, геологиялық құжаттарды жүргізетінбіз, кескіндер мен карталар салатынбыз.
Менің қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы – ол ҚазПТИ-да маған сабақ берген көрнекті ғалымдар, геологтар, Ленин сыйлығының лауреаттары Медоев Георгий Цараевич, Анкинович Степан Герасимович, Анкинович Екатерина Александровна, Есенов Шахмардан Есенович, Бакиров Сыздык Бакирович, Бурдуков М. сияқты және тағы басқа тамаша ұстаздарымның арқасында, олардың есімдері менің жадымда мәңгі қалады.
Менің қол жеткізген жетістіктерімнің барлығы – ол ҚазПТИ-да маған сабақ берген көрнекті ғалымдар
Г.Т. Медоевтың жалпы геология пәні бойынша емтиханында маған түскен сұрақтар әлі есімде. Трансгрессиялық және регрессиялық процестер кезіндегі шөгінділердің жағдайы туралы негізгі сұрақтарға жауап берген соң, ол: «Нунатаки» дегеніміз не? - деген қосымша сұрақ қойып: - Егер дұрыс жауап берсең, «5» қоямын,- деді. Нәтижесінде, емтиханды бірден «өте жақсыға» тапсырдым. Георгий Цараевич Медоев «Бенкала кен орнында іздеу және бағалау жұмыстары» атты дипломдық жұмысымның да жетекшісі болды, мен оны «өте жақсыға» қорғадым. Барлық ұстаздарыма алғысым шексіз!
1980 жылдан қазіргі уақытқа дейін барлық еңбек қызметім геологиямен байланысты. Мен еңбек жолымды Қарағанды облысында Қарағайлы ГБЭ геолог болып бастадым, кейінгі жылдары Қарғалы экспедициясының, «Ақтөбегеологияның», «Батысрудгеологияның», «Батысқазжерқойнауы» АБ басшысы болдым. 2008 жылдан бастап мен геологиялық салада мемлекеттік қызметтемін және 2017 жылдан бері ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті төрағасымын.
Қай жерде жұмыс істесем де, барлық жерде ҚазПТИ түлектері бар. Менің курстастарымның арасында геолог-практиктер, ғалымдар және түрлі дәрежедегі басшылар бар. Қазақстанның геологиялық саласын дамытуда, оның минералды-шикізат базасын нығайтуда ҚазҰТЗУ түлектері маңызды рөл атқарады.
Мен ҚазПТИ-да оқығаныма бақыттымын және әрдайым мақтан тұтамын, әсіресе, осы университеттің түлегі ретінде оны 85 жылдық мерейтойымен құттықтауға қуаныштымын. Мен үшін ол білім беріп, практикалық геологияға бағыттаған, сонымен бірге маған студенттік өмірдің бақытты жылдарын сыйлаған туған үйім болып қалады.
ҚазҰТЗУ-ға табыс пен гүлдену тілеймін! Студенттерге – оқыңыздар және жоғары білікті маман болыңыздар. Қазақстанның барлық геологтарына тамаша далалық маусымдар және жаңа геологиялық жаңалықтар тілеймін!