Ақпарат:

Сүлеев Досым Қасымұлы

Сүлеев Досым Қасымұлы

ҚР Сейсмология институтының директоры

calendar
Оқу жылдары: 1965-1970 жж.
cap
Мамандығы: "Автоматика және телемеханика"

1965 жылы Кентау қаласында орта мектепті бітіргеннен кейін мен техникалық оқу орнына түсемін деп шештім. Еліміздегі ғылыми-техникалық революция кезеңінде бұл жалғыз дұрыс шешім еді. Сөйтіп Ленинград техникалық университетін таңдаған едім, алайда соңғы сәттерде патриоттық және ұлттық намысым оянып, республикадағы жетекші техникалық жоғары оқу орны – В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына (ҚазПТИ) бармақшы болдым. Мұнда сол кезде енді ғана құрылған ең беделді «Автоматика және есептеу техникасы» (AжЕT) факультетіне конкурстан өттім (бір орынға 13 адамнан болды). Түсу емтихандарын өте жақсы тапсырғандықтан, республикалық Білім министрлігінің арнайы комиссиясы маған Мәскеуге, әйгілі «Бауманкаға» оқуға баруды ұсынды. Бірақ мен Алматыдан кетуден бас тарттым, өйткені осында өткізген бір ай ішінде мен бұл қалаға ғашық болып қалған едім.

«Автоматика және есептеу техникасы» факультеті екі жаңа мамандық – «Автоматика және телемеханика» мен «Есептеу техникасы» бойынша инженерлер даярлайтын. Мен біріншісін таңдадым. Сүйікті пәндерімнің ішінен сызу геометриясы және жоғары математика есімде (соған әлі таңқаламын!). Мүмкін,оқытушылар өте тамаша жандар, соғыс ардагерлері болғандықтан шығар, әсіресе практикалық сабақтарды бәсекелестік жағдайда, өте қызықты етіп өткізетін. Ал гуманитарлық пәндер, шынымды айтсам, маған аса ұнамайтын еді.

Оқу кезінен есімде қалған ең жылы естеліктерім қандай? Мен Политехте 60-жылдары оқыдым, бұл хрущевтік жылдардың енді-енді жайлы бола бастаған кезі еді, ол жылдары жалындаған жастық шақ романтикаға, шығармашылық рухқа, жалпы махаббатқа толы болған еді. Бұл музыкаға, поэзияға, көркемөнерге, авторлық әндерге әуес болған кезең еді. Советтік қатаң «темір пердені» «Битлз» ансамблі бұзып-жарып, біздің жастық өмірімізге еніп кетті, біз де осы ансамбльге еліктеп, гитарада ойнап, сол кездегі ең танымал әндерді айта бастадық.

Бір күні біздің факультеттің комсомол ұйымының хатшысы Камит Санбаев маған өнерлі жігіттерді біріктіруді ұсынды: «Дос, сен музыка жағынан сауаттысың, саксофон мен фортепианода ойнайсың, әндерді дауысқа салып, әдемі шығарасың, курстастарың Мұрат пен Мейірбектің музыкалық қабілеттері жақсы, мен де гитарада ойнап, ән айтамын. Мүмкін, біз факультет ішінде ансамбль құрармыз?!». Сөйтіп, не болса да көрейік деп, ұйымдастыру жұмысына шынымен де кірісіп кеттік.

Политех мен үшін білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл өмірімдегі басты мектепке айналды! 

Жатақханада көрші бөлмеде тұратын қыздың туған күні кешінде біз алғаш рет ән салдық. Кеш бойы біз жеті ішекті гитаралардың сүйемелдеуімен ән айттық. Қыздар таңқалысып, мәз болды. «Автоматикашылар» ансамбль құрды деген қауесет тез тарап кетті де, біз Политехтың қол жетпес жұлдызына айналдық. Әлі кәсіпқой әнші болмасақ та, қазақ-орыс әндерін гитарада қалай болса солай орындап жүрген біздерді институттың барлық жатақханаларына және студенттік клубтарға шақыра бастады. Демалыс күндері фойеде би кеші ұйымдастырылатын болды. Көп ұзамай гитараларға басқа да аспаптар қосылып,тау-кен факультетінің студенті Саша Литвинов институт оркестрінен бізде ойнауға шақырылды.

Сөйтіп жүргенде, келесі жаз да келді, біз бүкіл командамен «Баянауыл» совхозында халықаралық құрылыс бригадасында венгр студенттерімен бірге жұмыс істедік. Құрылыс бригадасындағы жұмыс күні, әрине, би және ән кештерімен аяқталатын. Негізінен біз, «автоматикашылар» ғана ойнадық. Маусым соңында біз жөндеуден өткізген ауылдық Мәдениет үйінің сахнасында концерт беруді жөн көрдік. Сахнаға қалай шықтық, қалай ән салдық, қандай ән айттық – қазір ешқайсымыздың есімізде жоқ! Бірақ әнді жақсы айтқан сияқтымыз, өйткені көрермендер орындарынан тік тұрып, «Ма-лад-цы-ы-ы!» деп ду қол шапалақтағаны сол кешке қатысушылардың құлағында ұзақ уақыт сақталды. Әсіресе Венгрия студенттері таңқалды. «Қандай керемет ән айттыңдар! Әндерің қандай тамаша!» – десті олар. Венгрия отрядының командирі Янош Карпати: «Біз сіздің тобыңыздың атын «Дос-Мұқасан» деп ойластырып қойдық», – деді. – Ол сіздердің есімдеріңіздің алғашқы буындарынан құралады: Дос – Досымнан, Мұ – Мұраттан, Ка – Камиттен, Сан – Санядан (Александр)». Бізге бұл тамаша ұсыныс өте ұнады. Сөйтіп, бұл күн біздің Политехқа ғана емес, бүкіл Қазақстанға абырой-атақ әкелген «Дос-Мұқасан» ансамблінің туған күні болып саналады. Өйткені«Дос-Мұқасан» – Дүниежүзілік жастар мен студенттердің Берлинде өткен X фестивалінің лауреаты, Минскде өткен Кәсіби вокалды-аспаптар ансамбльдерінің бүкілодақтық конкурсының жеңімпазы, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.

Университетті бітірген кезде біздің ансамбль тек Политех пен Алматы қаласында ғана емес, бүкіл республикаға танымал топқа айналды. Ректор бізді институтта қалып, әртүрлі лауазымдарды атқаруға ұсыныс жасады. Біздің көпшілігіміз оқуды аспирантурада жалғастырғымыз келгендіктен, Әшім Құрамбайұлы бізге Мәскеудің ең жақсы университеттерінде мақсатты орындарға орналасуға уәде берді. Көп ұзамай Камит пен Мейірбекті Бауман атындағы Мәскеу институтының мақсатты аспирантурасына, ал мені бір жылдан соң Мәскеу болат және қорытпалар институтына жіберді.

Осылайша, Политех мен үшін білім мен ғылымның ордасы ғана емес, сонымен қатар бүкіл өмірімдегі басты мектепке айналды! Дәл осы мектеп маған ғылым докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі болуға, еңбек сіңірген ғылым қайраткері атануға мүмкіндік берді. Осы мектептің арқасында мені Білім және ғылым министрлігінің әкімшілік бөлімін басқаруға, Республиканың жоғары білім комитетінің басшылығына шақырды. Мен өз тағдырыма өте ризамын, өйткені 30 жылдан кейін тәуелсіз еліміздің Президенті мені өзім оқыған жоғары оқу орнының – Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры етіп тағайындады. Ал енді қазір зейнеткер болсам да, маған Қазақстан Республикасының Сейсмология институтын басқару ісі сеніп тапсырылып отыр. Міне, осының бәрі әйгілі ПОЛИТЕХТА алған жоғары білімім мен ғылыми мектептің арқасы деп ойлаймын!

22 қаңтар 2021 11136
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту