Ақпарат:

Сыздықов Асқар Хамзаевич

Сыздықов Асқар Хамзаевич

Ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор

calendar
Оқу жылдары: 1974-1979 жж.
cap
Мамандығы: "Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау техникасы мен технологиясы"

Мен 1974 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтына түстім. Мүмкін, дәл сол кезде менде қандай да бір есеп болмаған да шығар, керісінше, ой-түйсігім басымдау болған сияқты. Қалай десек те, сол кезде жасаған таңдауыма өте ризамын. Университет маған тек кәсіби білім ғана емес, сонымен қатар шабытқа толы жарқын да қызықты студенттік өмір, адал достар сыйлады. Олардың көпшілігімен әлі күнге дейін байланысып тұрамын.

Мен мұнай факультетінде «Пайдалы қазбалар кен орындарын барлау техникасы мен технологиясы» мамандығы бойынша оқыдым. Шынын айтсам, маған мамандықтың атауы қатты ұнады. «Техника», «технология», «барлау», «кен орны», «пайдалы қазбалар» деген сөздердің өзі адамды баурап алды және одан инженерияның динамикасы, тереңдігі, тартымдылығы сезілді.

Оқу кезінде менде сүйікті ісім, не болмаса ұнатпайтын ісім деген болған емес. Осыған байланысты жапондардың бір ескі мақалын айта кетейін: «Егер сіз өзіңіз сүйетін іспен айналыссаңыз, сіз еріктісіз, боссыз. Ал егер де айналысып жүрген ісіңізді жақсы көретін болсаңыз, сіз бақыттысыз». Менің істеп жүрген ісім қашан да қызық, өзіме ұнайды.

Техникалық жоғары оқу орнында барлық пәндерді меңгеру мұқияттылық пен табандылықты талап етеді. Бұл, әрине, оңай емес. Бірақ айтқанымдай, кез-келген пәннен мен өзіме қажетті қандай да бір қызғылықты ерекшелік тауып алатынмын, бұл маған сол пәндерді оқуда көп көмек болды.

Студент кезімде мен педагогиканың талай-талай саңлақтарын көрдім, тамаша ұстаздардан білім алдым. Олардың арасында жас дарынды ұстаздар да, танымал тәжірибелі ғалымдар да болды және әрқайсысының өзіндік қайталанбас ерекшелігі болатын. Көптеген оқытушыларыммен кейін ҚазПТИ-де әріптес болдым, ал кейбіреулері тіпті отбасылық жақын достарыма айналды. Атап айтқанда, Билецкий Мариан Теодорович, Таңатаров Төлеужан Таңатарұлы және тағы басқалары. Ал өзімнің ұстазым әрі тәлімгерім болған адамға ерекше құрметпен қарадым, бұл – Лиманов Есенғали Лиманұлы, бүкіл Кеңестер Одағында осы саладағы ең танымал және беделді маман. Оның маған үйреткені – менің өмір бойғы кәсібімнің негізгі діңгегі болды десем артық емес.

Егер сіз өзіңіз сүйетін іспен айналыссаңыз, сіз еріктісіз, боссыз. Ал егер де айналысып жүрген ісіңізді жақсы көретін болсаңыз, сіз бақыттысыз.

Студенттік өмірдегі ең жылы естеліктер – бұл, әрине, біздің музыкалық топпен, «мұнай факультетінің рок тобымен»байланысты болды, бұл топта мен барабанда ойнаған едім. Репетициялық дайындықтар, концерттер, конкурстар, қойылымдар, ән-би, музыка – мұның бәрін есіме алсам, әлі күнге дейін толқып кетемін. Бұл жағымды, лирикалық, жанға жайлы эмоциялар. Сол кезде біздің бәрімізді музыка біріктірді, достастырды, бір-бірімізге деген сенімімізді арттырды. Содан бері 40 жыл өтсе де, біз бір-бірімізге деген осы көңілімізді сақтап қалдық. Қазір кездескен сайын бірге музыка ойнап, жастық шақты жылы лебізбен еске аламыз.

1980 жылы инженер дипломын алғаннан кейін, маған университетте қалуға ұсыныс түсті де, мен жаңадан ашылған салалық ғылыми-зерттеу зертханасында еңбек жолымды бастадым. Бұл менің өмірімдегі шешуші сәт болды, сөйтіп алдағы өмірімнің он жылын толығымен осы салалық ғылымға арнадым. Соның нәтижесінде ойлап тапқаным – «БИТ алмас бұрғылау бұрғыбасы» болды. Ол Кабардин-Балқар гауһар тастар құралдары зауытында сериялық өндіріске енгізіліп, кейіннен КСРО-ның барлық геологиялық барлау ұйымдарында осы құрал қолданылатын болды. Әрі Г.В. Плеханов атындағы Ленинград тау-кен институтында осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Ғылыми жетекшім – әрине, Есенғали Лиманұлы Лиманов болды.

Болашақта Қазақстанның индустриялық мәдениетін дамыту жолында Сәтбаев университеті техникалық білімнің локомотиві мен орталығы болады деп сенемін.

Біздің қатардағы ұрпақ саналы жасында Кеңес Одағының ыдырағанын, кейін Қазақстанның тәуелсіздік алуы, еліміздің нарықтық экономикаға көшуі сияқты тарихи маңызды оқиғаларды бастан кешті. Бұл менің диплом алып шыққаннан кейінгі жоспарларымды түбегейлі өзгертті. Мен бүкіл өмірімді толығымен ғылыммен педагогикалық қызметке арнаймын деп жоспарлаған болатынмын, бірақ тағдыр маған сонымен қатар мұнай-газ саласындағы ұйымдарда өндіріс қызметкері мен менеджер ретінде қызмет атқаруды да бұйыртты. Қазір мен өзім оқыған университетте қызмет ете жүріп, мұның бәрі де кездейсоқ емес екенін түсіндім. Дегенмен, өзім күткендей болмаса да, жоспарларыма қол жеткіздім.

Болашақта Қазақстанның индустриялық мәдениетін дамыту жолында Сәтбаев университеті техникалық білімнің локомотиві мен орталығы болады деп сенемін. Өз ісінің кәсіпқой маманы болу үшін, Сәтбаев университетінің студенті ең алдымен білім игеруді жақсы көруі тиіс. Жақсы көре білу – бұл да өнерге жатады. Ал бұл өнер мұқият болуды, ұқыптылықты, өзіне деген, ісіне деген сенімі нық болуын талап етеді.

5 ақпан 2021 5222
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту