Ақпарат:

Жолтаев Герой Жолтаевич

Жолтаев Герой Жолтаевич

Сәтбаев университеті «Мұнай және газ геологиясы» кафедрасының профессоры, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры

calendar
Оқу жылдары: 1957-1962 жж.
cap
Мамандығы: "Инженер-геолог"

Мен өз университетімнің патриотымын!

1957 жылы Қазақ тау-кен металлургия институтына медаль иегері ретінде емтихансыз оқуға түстім. 8-сыныптан бастап Қаныш Имантайұлы Сәтбаев секілді геолог болуды армандадым, сондықтан да геологиялық барлау факультетін таңдадым. Жалпы және тарихи геология, мұнай және газ геологиясы  менің сүйікті пәндерім болды. Бұл пәндерді ұлы оқытушылар – профессорлар Г.Ц. Медоев пен П.Я. Aвров жүргізді. Олар керемет оқытушылар және лекторлар еді.

2-курста оқып жүргенімде Георгий Цараевич Медоев маған Зюсстың  «Геотектоника» атты кітабын оқуға кеңес берді. Кітапты оқысам да, оны түсіну өте қиын болды, өйткені көптеген терминдер маған таныс емес еді. Алайда геологияның құпияларын және мәнін түсініп білу менің негізгі қызығушылығым болғандықтан, бұл маған ынталандырушы фактор ретінде болды, әрі өз бетіммен сөздіктерді пайдалана отырып жұмыс жасауыма, арнайы терминдер жайлы қажетті білімді толықтыруыма мүмкіндік берді. Айта кету керек, ол кезде Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасында бір ғана данадан тұратын Зюсстың «Геотектоникасы» сияқты кітаптар үйге берілмейтін, ал студенттерге оқу залына рұқсат факультет деканының өтініші бойынша ғана берілетін. Тек Г.Ц. Медоевтың деканға бір рет қоңырау шалуы арқылы мен Ғылым академиясының Ғылыми кітапханасының оқу залынан орын ала алатынмын.

Кітапты қайта-қайта үш рет оқып шыққаннан кейін ғана (бұл кітап кем дегенде бесінші курс студенттеріне ғана түсінікті болған еді), оның не туралы екенін ұйқастырып айта алатын болдым. Бұл профессор Г.Ц. Медоевтың жоғары педагогикалық шеберлігінің нәтижесі болды. Ол мені сынап, маған өз бетіммен жұмыс орындаудан үлкен сабақ берді, яғни өздігінен қалай білім алуға болатындығын және оның нәтижесімен қалай терең қанағаттануға болатындығын көрсетті.

Мен геология бойынша өзіммен қатар студенттерден бір саты жоғары екенімді сезіндім. Менің бұл талпынысымды мұнай және газ геологиясы пәнінің оқытушысы Петр Яковлевич Авров қолдап, геологияға байланысты әртүрлі деңгейдегі кездесулер мен далалық экспедицияларға мені алып баратын.

Мен өз университетімнің патриотымын!

4-курста оқып жүрген кезімде профессор П.Я. Авров отрядының құрамында Ақжар кен орнына бардым (ол қазір де жұмыс істейді). Мұнда үш мұнай ұңғымасынан мұнай ағыны алынған. Бізбен бірге Мәскеуден Геология және ЖЖМ игеру институтынан ғылыми зерттеушілер тобы келді. Жаңа геологиялық және геофизикалық материалдарды талқылағаннан кейін, кешқұрым барлығы Сағыз өзеніне балық аулауға баруға шешім қабылдады. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Сағыз өзенінде балық көп болатын. Әрине, бәрі рахатқа батып,бір серпіліп қалды...

Кештің соңында П.Я. Авров маған: «Герой, осы кен орнының қорын санашы» - деді. «Мұнай және газ қорларын есептеу әдістемесі» пәні оқу жоспарына сәйкес 5-курста өтілетін, яғни мен бұл дәрістерді әлі тыңдамаған едім.

Экспедицияның геологиялық бөлімінен М.А. Ждановтың «Мұнай және газ кен қорларын есептеу әдістемесі» атты оқулықты тауып алдым. Маған кітапты бір түннің ішінде өз бетіммен меңгеріп шығуға тура келді.

Ертеңіне күндіз біз мәліметтерді қайтадан қарастырып, талқылауға көштік. Менің мұнай мен газ кен қорларын есептеу бойынша алған нәтижелерім мәскеуліктердің есептеген мәліметтеріне өте жақын болды. Қорларды есептеу нәтижелерін салыстыру сәтінде мен өз ғылыми жетекшімнің жүзінен мақтаныш сезімін байқадым, яғни П.Я. Авровтың көңіл-күйінен маған деген ризашылығын сездім. Бұл - менің еңбегіме, күш-жігеріме берілген жоғары баға, ең жақсы сый еді.

Мен үшін университет – қасиетті ұғым және ұлы ғылым мен білімнің ордасы, өз бойымдағы барлық жақсы қасиеттерді мен осы жерде үйрендім, оқытушы ретінде мен тек студенттерді оқытып қана қоймай, күнделікті педагогикалық шеберлігімді де ұштап, мұнайшылардың жұмысына тікелей араласуға, әсіресе Кеңқияқ пен Жаңажол кен орындарын ашып, оларды меңгеру ісіне қатысуға мүмкіндік алдым.

Халықаралық деңгейде мені ғалым ретінде мынадай жағдайда мойындады: Америкалық мұнай-газ геологтары қоғамының мүшесі етіп тағайындалдым, Еуроодақтың Өндірістік палатасының алтын медалімен және «Мубараке Хаддафи» медалімен марапатталдым, «Алтын Прометей» сыйлығы берілді, геология ғылымдарының докторы дәрежесін алу үшін қазылар алқасына сайландым (Франция) және т.б.

Институтты бітіргеннен кейін мен аспирантурада қалдым, сөйтіп менің университетте үздіксіз еткен еңбек өтілімім 62 жыл. Аспирантурада оқудан бастап, оқытушылық қызмет атқара отырып, мен Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарындағы мұнай барлау экспедицияларының тәжірибелі геолог мамандарымен тығыз жұмыс жасауға тырыстым.

Менің жұмысымның нәтижесі өте жоғары бағаланып, ғалымдар мен өндірушілердің құрметіне ие болдым. Өмірде қол жеткізген барлық жетістіктерім үшін Қазақстан Республикасында техникалық жоғары білім берудің «Қара шаңырағы» атанған Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне, қазіргі Сәтбаев университетіне қарыздармын.

Қ.И. Сәтбаев атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының, көптеген мемлекеттік марапаттардың (ордендер мен медальдар) иегерімін – бұлардың барлығына мен студенттік жылдарда, сондай-ақ профессор болып қызмет атқарған кезде университет қабырғасында алған білімімнің арқасында қол жеткіздім, ал көңілге жайлы ұйымдастырылған қызметтік орта маған оқу үрдісімен қатар өндірістік қызметпен де, ғылыми жұмыстармен де айналысуыма тамаша мүмкіндік берді.

Өмірде қол жеткізген барлық жетістіктерім үшін Қазақстан Республикасында техникалық жоғары білім берудің «Қара шаңырағы» атанған Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіне, қазіргі Сәтбаев университетіне қарыздармын.

Қазіргі уақытта ҚазҰТЗУ-да (Сәтбаев университеті)«Мұнай және газ геологиясы» кафедрасының профессоры және Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры қызметтерін атқарамын. Мен негізінен магистранттар мен докторанттарға сабақ беремін. Кен орындарының және шөгінді алаптардың геодинамикалық модельдерін құрастыру әдістері және мұнай-газ келешегіне плиталық тектониканың қазіргі тұжырымдамасы тұрғысынан болжау жасау әдістері бойынша сабақ жүргіземін. Әріптестерім (отандық және шетелдік) айтқандай, осы әдіс бойынша мен өз орнымды таптым, осыған сәйкес өңірлік ауқымдағы құбылыстарда тектоникалық үдерістерді көрсетудің екі деңгейлі нұсқасын ұсындым.

Мен педагог және ғалым ретінде қол жеткізген қазіргі деңгейде тоқтап қалмауға тырысамын. Маған өз-өзіммен жұмыс жасау ауадай қажет,ғылым мен өмір салаларының барлық қолжетімді бағыттарында прогрестен бұрын болуға тырысамын. Бұл қасиетті менің бойыма Университет дарытып, әлі де үйретіп келеді. 

Бүгінде техникалық білім мен ғылым саласындағы көшбасшылық орынды иеленіп отырған университет түлектердің білім сапасы мен деңгейіне оң әсерін тигізетін академиялық оқу орны ғана ғана емес, сондай-ақ ғылыми зерттеу орнына да айналып, технологиялық прогресті жеделдететін мамандарды даярлауда үлкен рөл атқарып келеді, әрі барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға және ел дамуының жоғары динамикасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп келеді. Бұл Қазақстанды біртіндеп дамып келе жатқан ел ретінде бүкіл әлемге танытуы сөзсіз.

Әлемдік әлеуметтік даму үрдісіне байланысты университет құрылымын жетілдіру үшін батыл және нақты шаралар қабылдануда. Университетте білім алу мен өзін-өзі іс жүзінде жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Біздің университетті таңдаған талапкерлер ешқашан өкінбейді, өйткені олар үнемі сұранысқа ие болады, ал студенттерде өз салаларының кәсіпқой маманы болуы үшін, мақсатқа ұмтыла білу, өздерін бақылай білу және өз уақыттарын дұрыс реттей білу секілді қабілеттер болуы қажет.

Қазіргі уақытта оқу үдерісін ғылыми тұрғыдан ұйымдастыру өз мамандығы бойынша жоғары білікті түлектерді даярлауда ғана емес, сондай-ақ жуық уақыт аралығында және болашақта ғылыми және өндірістік салаларды дамыту мен жетілдіруді болжауға мүмкіндік беретініне сенімдімін.

3 шілде 2020 7015
Жоғары

Қате кетті!

Жолдарды дұрыс толтыруға тырысыңыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Жақын арада біз Сізбен хабарласамыз.

Сіздің мәліметтеріңіз сәтті жіберілді!

Аудармасы жоқ


Басты парақшаға өту